«Қазпошта» АҚ басқарма төрағалығына Сәкен Сәрсенов келді. Ақпарат және коммуникация министрі Дәрен Абаев ол туралы өзінің Facebook желісіндегі парақшасы арқылы хабарлады. Абаев жаңа басшыны ақпараттандыру және телекоммуникация саласын дамытуға үлкен үлес қосқан майталман маман ретінде сипаттап, осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибесін жаңа қызметте де тиімді пайдалана алады деп сенім білдірді.
Сәкен Сейітжаппарұлы Мәскеу мемлекеттік авиациялық институтын «Ақпарат өңдеу және басқарудың автоматтандырылған жүйесі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеді, Қаржы министрлігі «Қаржылық жүйелерді ақпараттандыру орталығы» РМК ақпаратты қорғауды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ электрондық қызметтер бойынша басқарушы директоры сынды лауазымды қызметтер атқарды.
Сонымен қатар, Бас прокуратура құқықтық статистика және арнаулы есеп жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, Байланыс және ақпарат вице-министрі, Көлік және коммуникация вице-министрі, Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, Инвестициялар және даму министрлігінің ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы болып еңбек етті. 2016 жылдың 21 мамырынан бері ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі лауазымын атқарып келді.
Ал аптаның ортасында Дәурен Әскербекұлы «Қазақстан» РТРК» АҚ басшылығына саясаттанушы Ерлан Қаринді тағайындады. «Ерлан Тынымбайұлы білікті саясаттанушы, идеолог, еліміздің шынайы патриоты ретінде көпшілікке жақсы таныс екеніне еш күмәнім жоқ. Ендігі жерде оған еліміздегі ең ірі медиа құрылымның жұмысын одан әрі дамыту тапсырылып отыр. Ерлан Тынымбайұлы бұған дейінгі іргелі шараларды одан әрі жалғастырып, корпорацияны жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», - деп жазды Абаев өзінің парақшасында.
Ерлан Тынымбайұлы өзінің еңбек жолын 1996 жылы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті саясаттану кафедрасында мұғалім болып бастаған. Әр жылдары саяси зерттеулердің Орталық-Азиялық агенттігінің директоры, «Асар» Республикалық партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы, Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Нұр Отан» ХДП стратегиялық даму жөніндегі хатшысы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтына директоры болып қызмет атқарған.
Тура сол күні танымал шоумен және "Түнгі студия" бағдарламасының жүргізушісі Нұрлан Қоянбаев "Қазақстан" РТРК бас продюсері қызметіне тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Оны компанияның баспасөз қызмет де растады. Нұрлан Қоянбаев продюсер мен бағдарлама жүргізушісі қызметін қатар алып жүретін болады.
Телевидение саласында болған тағы бір жаңалық - белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының қайта оралуы. «Қазақ журналистикасының ардагер журналисі Нұртілеу Иманғалиұлы эфирге қайта оралды! «Бай- қуатты болайық» Жетісу телеарнасынан əр жексенбі, 19:30-да қараңыз!», - деп жазды Гүлжан Қызайбай өзінің парақшасында.
Ақпарат министрлігіне қарасты Орталық коммуникациялар қызметіне жаңа адам келді. Аталған қызметтің директоры Евгений Кочетов ұжымға директордың орынбасары Мұрат Жұманбайды таныстырды. Бұған дейін сан алуан мемлекеттік органдарда ресми өкіл болып жұмыс істеген Жұманбай жаңа қызметте де Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі қызметін қатар атқаратын болды.
Бұдан бөлек, ішкі істер министрі ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшысын ауыстырды. Аталған қызметке генерал-майор Әлібек Серәлиев келді. Ленинград училищесін бітіргеннен кейін ол қызметтік жолын рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып бастаған. Оралға келгенге дейін Алматы қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысы болды. Ал «Батыс» өңірлік қолбасшылығын басқарған генерал-майор Қайрат Ақтанов керісінше «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысы болып ауыстырылды.