Саясаттанушы наурыздағы Nur Otan партиясының съезіне қатысты пікір білдірді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі саясаттанушы Талғат Қалиев биыл 1 наурызда өтетін Nur Otan партиясының съезіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Съезд барысында облыстық филиал төрағалары мен облыс әкімдерінің позицияларын бөлу туралы шешім қабылданады деп есептеу қисынды болар еді. Бұл партия филиалдарының дербестік дәрежесін де, жергілікті элитадағы бәсекелестік деңгейін де күрт арттырып, әкімдіктерге талаптарды күшейтеді», - деп жазды Талғат Қалиев Telegram-да. https://t.me/kaliyevchannel

Оның пайымынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының төрағасы ретінде қай уақытқа дейін отыруына қатысты мәселе айқындалуы мүмкін.

Себебі биыл қаңтар айының соңында Президент Nur Otan-ға одан әрі төрағалық етуінің орындылығы туралы мәселе қайта қаралуы мүмкін екенін айтқан еді.

«Сондықтан Мемлекет басшысы бұл шешім жыл соңына дейін болуы мүмкін екенін айтқан еді. Ал күзге жоспарланған Жолдау наурыз айына ауыстырылғанын ескерсек, партия басшылығына қатысты шешім де әлдеқайда ертерек жарияланатынын жоққа шығаруға болмайды», - деді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол наурыз айындағы Жолдау айтарлықтай маңызды болатынын алға тартты. Яғни маңызды қадамдар шоғырландырылған пакет күйінде, осы орайда қоғамның өзекті әрі өткір сұранысы мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке жоспарларын қамтып ұсынылады.

«Егер съезде оның үндеуі тек партиялықтарға бағытталса, онда айдың орта кезінде барша халыққа арналады. Бұл тұрғыда Президенттің халыққа арнаған Жолдауы ауқымды болатынын түсінікті», - деді Т. Қалиев.

Оның сөзіне қарағанда, бұл жағдайда Президентке қатысты ақпараттық шабуылдар ерекше сипатқа ие болып отыр.

«Наурыздағы үндеу бірқатар қайтымсыз саяси процестерді іске қосуы ықтимал. Бұл өз кезегінде бұрынғы элиталар тарапынан қажетсіз деп бағаланып, олардың позицияларының тұрақтылығына қатер ретінде ескерілуі мүмкін. Осы нұсқаны назарға алсақ, Мемлекет басшысына ақпараттық және саяси қысымның күшеюін болжау қисынды болады», - деді сарапшы.

Осы орайда ол наурыз айында алдағы уақытта элиталардың сапалы жаңаруына жол ашатын қадамдардың жасалуы мүмкін екенін айтты.