Саяси бәсекелестік артты — ҚСЗИ басшысы Құрылтай сайлауы туралы

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша, 5 пайыздық межеден бес партияның өтуі саяси бәсекелестіктің артқанын көрсетеді. Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директоры Жандос Шаймарданов мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ол бұл туралы «Сайлау — 2026: қорытынды және жаңа саяси белес» атты сараптамалық алаңның кулуарында айтты. Маманның сөзінше, бір палаталы Құрылтай сайлауы жаңа Конституцияның іс жүзінде жүзеге асырылуының жарқын мысалы болып отыр. ОСК-ның алдын ала деректеріне сүйене отырып, ол өткен сайлау қазақстандықтардың саяси және азаматтық белсенділігі жоғары болғанын көрсеткенін атап өтті.

— Сайлаушылардың 74 пайыздан астамы дауыс берді. Демек, сайлаушыларымыздың төрттен үшіне жуығы азаматтық белсенділік танытты. Алдын ала қорытынды бойынша, жеті партияның бесеуі Құрылтайға өтетінін көріп отырмыз. Бұл — өте жақсы әрі қомақты көрсеткіш. Өкілдік жоғары болады. Өткен сайлау барысында саяси бәсекелестіктің артқанын көріп отырмыз, — деді ол.

Сонымен қатар, ҚСЗИ басшысы сарапшылар қауымдастығы Құрылтай сайлауын белсенді әрі бәсеке жоғары саяси науқан ретінде бағалап отырғанын мәлімдеді.

— Біз көптеген теледебатты көрдік. Отандық арналардың эфирінде әр апта сайын телевизиялық дебаттар өтті. Бұл сайлаушыларға тек сайлау науқанын және партиялардың бағдарламаларын ғана емес, кандидаттардың өзін де мұқият бақылауға мүмкіндік берді. Өйткені, дебаттарға әртүрлі үміткерлер қатысты. Жалпы, кандидаттардың санының өзі, яғни 145 орынға 545 адам таласқаны саяси партиялардың ішінде де, партиялар арасында да қызу бәсекелестік болғанын көрсетеді, — деді Жандос Шаймарданов.

Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс берушілер тізіміне енгізілген 9 млн 350 мыңнан астам сайлаушы дауыс бергенін жазғанбыз.