Саяси элита билікке таласқан жағдайда экономикамен айналысу, жұмыссыздықпен күрес назардан тыс қалады- саясаттанушы С.Борбасов

Фото: None
13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қырғызстандағы соңғы оқиғаларға қазір дүниежүзі құлақ түріп отыр. Оған әркім әртүрлі баға беруде. Біз осыған орай саяси ғылымдар докторы Сайын Борбасовты әңгімеге тартып, өз ойларымен бөлісуді сұраған едік.

- Сайын Молдағалиұлы, Қырғызстандағы жағдайды төңкеріс деп айтуға бола ма?

-Оны оппозициялық баспасөз революция деп жатыр. Меніңше революция деуге келіңкіремейді. Революция - бүкіл саяси жүйені түпкілікті жаңартуды, қоғамдық-экономикалық құрылысты өзгертуді қалайды. Қырғызстанда бүкіл саяси жүйені, қоғамдық-экономикалық құрылысты өзгерту мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Мұнда перманентті билікке талас жүріп жатыр. Билік халық үміттенген мақсат-деңгейден шықпайды. Сондықтан Қырғызстанда кейінгі 10 жылда үнемі билікке талас жүріп келе жатыр. Асқар Ақаевтың президенттігі кезінде басында біраз тыныштық болды. Одан кейін билікке талас басталып, 2005 жылғы төңкерісте А.Ақаевтың орнына Құрманбек Бакиев билікке келді. Алайда билікке таласушы топтар одан кейін де өз күресін тоқтатқан жоқ. Оның біреуін Феликс Кулов, екіншісін «Атамекен» партиясының көсемі Өмірбек Текебаев басқарады. Олар оппозияны жақтайды. Саяси элита билікке таласқан жағдайда тікелей экономикамен айналысу, халықты еңбекке тарту, жұмыссыздыққа қарсы күрес назардан тыс қалады. Бұл әлеуметтік ахуалдың ушыға түсуіне түрткі болуда. Ал әлеуметтік мәселенің шешілмеуі қайтадан билікті айыптауға және онымен күреске әкеледі. Қырғызстан бұл дағдарыстан тек халық тамаққа тойынып, жұмысқа кіріссе ғана шығады. Өкінішке орай бұл мәселені билік те, оппозиция да шешіп бере алмауда. Сондай-ақ қырғыз халқының өзі де еңбекке ұйымай отыр. Бір өкінішті жағдай билік ұнамаған жағдайда онымен күресуге әбден үйір болып алған халық тиыш отырмайды. Билік ұнамаса міндетті түрде көшеге шығып кетеді. Мәселен Қазақстан халқында сабырлылық, қиыншылыққа төзу бар. Қырғыз халқының менталитеті олай емес. Қазір олардың осы төңкеріске еттері үйреніп алды. Оның обьективті және субьективті факторлары қатар келіп отыр. Кейде төңкерістің революцияға ұқсайтын жағы осы. Марксистер айтқан революциялық ситуацияның обьективтік факторы - жоғарғылардың бұрынғыша басқара алмайтыны, ал төменгілер бұрынғыша өмір сүргісі келмейтіні.

-Төңкерістің басты себептерін тағы да тарқата түссеңіз?

-Меніңше, төңкерістің ең басты себебі - қырғыз халқының қайыршылануының күшеюі. Мысалы Қазақстанда жалпі ішкі өнімнің көлемі жан басына шаққанда 7 мың АҚШ долларынан асып отыр, Қырғызстанда ол 500 доллардың көлемінде. Оңтүстік аймағында жан басына щаққандағы жиынтық өнімнің көлемі тіпті 360-370 доллардан ғана келеді. Қарап отырсаңыз, Қырғызстандағы жағдай Қазақстаннан 14 есе төмен. Онда орта жалақы қазір 7 мың теңге көлемінде, ал Қазақстанда 60 мың теңгені құрап отыр. Көрші елдегі қайыршыланудың тереңдеуін көптеген отбасылардың күндік табысының 1 долларды ғана құрайтындығынан-ақ көруге болады. Сондықтан 5 милион халықтың 800 мыңға жуығы басқа елдерде жұмыс істеп, нәпақасын айыруда. Әлемдік дағдарыс жағдайында көптеген елдер Қырғызстанның гастарбайтерлерін кері қайтарды. Олар тағы жұмыссыз қалды. Мұндай жағдай әрине қырғыз халқының ашу-ызасын тудырып, билікке қарсы шығуына негіз болуда. Қырғызстанға мен жиі барып тұрам, ондағы ахуалды біршама білем. Өйткені Қырғыз гуманитарлық университетінде дицертациялық кеңестің мүшесімін.

Қ. Бакиев билікті басқара алмайтынын кейнгі жылдары әбден дәлелдеді. Егер елді әділетті басқарған кезде онда мұндай жағдай болмайтын еді. Өкінішке қарай ол бұрынғы басшылардың қателігін қайталады. Басшы орындарға өзінің туысқандарын қойып, ең алдымен өзінің жақын-жуықтарын байытуға тырысты. Осындай жағдайдан кейін енді әрине ол кісі де биліктен бас тартуы керек. Өзі алмастырған Асқар Ақаев та биліктен бас тартып кетті ғой.

-Ғұламалардың айтуынша, заң өз күшінен айрылған жерден жауыздық басталады. Осы арада Қырғызстандағы демократия мен бостандықтың ара-жігін де ашып түсіндіре кетсеңіз.

-Оның өте дұрыс. Қырғызстандағы қазіргі ахуалды ахлақиялық құбылыс деуге болады. Онда бейбастыққа ұласып кеткен бостандық қана бар. Шын мәнінде демократия дегеніміз ол заңның диктатурасы. Демокатиялық қоғамның барлық салалары заңмен басқарылуы керек. Онда Президенттен бастап үй сыпырушыға дейін заңға бағынуы тиіс. Демократияның мәні осында. Ал егер ойымызға келгенді істей беретін болсақ, ол демократия емес. Демократия қатаң тәртіп. Биліктің барлық тармақтарының халыққа жауапты болуы және ауысып отыруы демократияның негізгі принциптері болып табылады. Демократияны енгізу үшін халықтың саяси мәдениеті, саяси санасы дайын болу керек.

- «Жұртың бәрі бақытқа жетуге талпынып, бақытсыздықтан шошиды. Егер өзіңе бақыт тілесең, онда басқаның бақытты болуына қам қыл. Сонда өзің де бақытты боласың» деген үнді нақылы еріксіз есіме түсіп отыр. Қазір Қырғызстанда тығырықтан алып шығатын қандай жолдар бар? Бауырлас бұл елдегі ахуалды тыныштандыру үшін Роза Отынбаева жетекшілік ететін уақытша үкіметтің орталық комитетіне қанша уақыт керек деп ойлайсыз?

-Егер уақытша үкімет жағдайды тұрақтандыра алатын болса, ел тынышталады. Қазір Құрманбек Бакиевтің қолында нақты билік жоқ. Бірақ ол орнымнан түстім деп жариялаған жоқ. Егер орнымнан түстім деп жариялап, отставкаға кететін болса, жағдай қысқа уақытта тұрақтанатын болады. Ал Қ. Бакиев бұрынғыша Президент болып қалып, өзінің жақтастарын жинап билікті қарулы күшпен алуға тырысса, жағдай ушығады. Қазір барлық жағдай Бакиевке тіреліп тұр. Уақытша үкімет билікті қалай жүргізіп әкете алады мәселе осыған келіп тіреледі. Менің ойымша, алдағы бірер айдың ішінде онда жағдай қалпына келеді.

Қырғыз оппозициясының қазіргі басшылары саяси күреске үнемі қатысып келе жатқан адамдар ғой. Егер ғалымдарды, сарапшыларды және басқа мамандарды жинап, кейбіреуін сырттан тартып, елдегі ахуалды талдап, сарапқа салатын болса, елді дағдарыстан алып шығудың нақты тұжырымдамасын жасай алады. Мұндай іс-шаралар бұрын да қолға алынғанмен, бұрынғы билік оны жүзеге асыра алмады.

-Қырғызстандағы ахуал ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап жатқан Қазақстанның халықаралық беделіне қандай да бір ықпалын тигізе ала ма?

-Қазақстан барлық уақытта да Қырғызстанға көмек қолын созып келеді. Үнемі несие беріп, жағдай жасауға тырысады. Ешқашан олардың экономикалық мүддесін де аяқ асты еткен емес. Суға байланысты мәселелер туындаған кезде де жеңілдік жасап, олар су бермей қойса да электр энергиясын беруді тоқтатпайды. Қырғыз тауарлары шекарадан емін-еркін өтіп, жұмыссыздары Қазақстанға еркін келуде. Сондықтан Қырғызстандағы қазіргі ахуал Қазақстанның беделіне ешқандай нұқсан келтіре алмайды. Керісінше Қырғызстанға көмек жасап, ондағы ахуалға қатысты өркениеті елдерге тән позиция ұстай алсақ, халықаралық абыройымыз бұрынғыдан да арта түседі.

- Әңгімеңізге рахмет.