Саяси мемлекеттік қызметшілер саны 8 есеге қысқарады - Президент

АСТАНА.  28 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда саяси мемлекеттік қызметшілер саны 8 есеге қысқарады.

Бұл туралы бүгін Ақордада барлық деңгейдегі әкімдермен өткізген кеңейтілген мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Мемлекеттік қызметтің тиімділігі түбегейлі арттырылатын болады. Бұл тікелей сіздерге қатысты»,-деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Осы орайда кәсіби басқарушылардың корпусы қалыптастырылатынын баса айтқан ҚР Президенті: «Саяси мемлекеттік қызметшілердің саны 8 есеге қысқарады және мемлекеттік органдардың басшысымен оның орынбасарлары ғана қалады»,-деді.

Бұл ретте Елбасы министрдің, жауапты хатшының, әкімнің, аппарат жетекшісінің өкілеті нақты шектелетіндігін баса айтты. «Министрлер мен әкімдер кадрлық мәселелермен және орталықтан алынатын қаржыны бөлумен айналыспай, салалық саясат пен өңірді дамыту мәселелерімен нақты айналысуы керек»,-деді Н. Назарбаев.