Саяси партиялар сауатты және елдің мүддесіне берілген кандидаттарды ұсынуы керек - Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау елдің және халықтың мүддесі үшін өткізіледі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын тағайындауға орай Қазақстан халқына үндеу арнаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

«Ел Конституциясының талаптарына сәйкес, Парламент Палаталары төрағаларымен, Премьер-Министрмен және Конституциялық Кеңес  төрағасымен консультациялар өткіздім, соның қорытындысы бойынша депутаттардың бастамасын қолдау шешімі қабылданды», - деп тоқталды Мемлекет басшысы.

Бұл тұрғыда Президент биліктің сайланатын тармағының жаңаруы - елдің және халықтың мүддесі үшін жасалғалы отырғанын жеткізді.

Н. Назарбаев саяси партиялар күн тәртібіндегі мақсаттарды түсінуге қауқарлы сауатты, іскер және елдің мүддесіне берілген кандидаттарды ұсынуы керек екенін қадап айтты.

 «Бүгін мен бесінші шақырылған Парламент Мәжілісінің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойдым. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылдың 20 наурызына тағайындалды», - деді Мемлекет басшысы.