«Дамыған экономика — қуатты қоғам» тақырыбындағы сөз додасында төрт кезең болды.
Жобада саяси партиялар жетекшілері жеребе тарту нәтижесі бойынша белгіленген мына реттілік бойынша сөз тізгінін алды:
1. Respublica партиясының төрағасы — Айдарбек Қожаназаров;
2. Baytaq партиясының төрағасы — Азаматхан Әміртаев;
3. «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы — Дания Еспаева;
4. «Әділет» партиясының төрағасы — Айбек Дәдебай;
5. «Ауыл» партиясының төрағасы — Қайрат Айтуғанов;
6. Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы — Асхат Рақымжанов;
7. Қазақстан Халық партиясының төрағасы — Нұрсұлтан Шоқанов.
Бірінші кезеңде әр қатысушы өз партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Олар небәрі 2,5 минутта партиясының басты мақсаттарын, негізгі тұжырымдамасын және бұған дейін атқарған жұмыстарын таныстыруға тиіс болды. Әрқайсысы халықтың әлеуметтік жағдайын қалай жақсартатынын мәлімдеумен бірге, өзге партиялардың қызметін сынға алды.
Екінші кезеңде партия басшылары бір-біріне сұрақ қойды. Сауал жолдауға 1 минут, ал оған жауап беруге 2 минут берілді. Осылайша, Құрылтай депутаттығына үміткерлер бір-бірінің сайлауалды бағдарламаларынан қандай да бір кемшілік тауып, сөзден тұқыртуға талпынды.
Үшінші кезең де ерекше өтті. Өйткені, көрермендер көкейіндегі сұрақтарын байланыс орталығына бір апта бойы жолдады. Жалпы, 58 746 сауал жиналды. Солардың ішінен ең өзекті 14 сұрақ іріктеліп, жеті партия басшыларына 2 сауалдан қойылды. Олардың әрқайсысына қатысушылар екі минут ішінде жауап беруге міндеттелді.
Қорытынды бөлім төртінші кезеңде қатысушылар электоратқа қайрылды. Олардың әрқайсысы 2 минут бойы бар шешендік өнерін салып, уәделері мен жоспарларына бұқараны сендіруге күш салды. Жеті партия төрағалары халықтың сенімін ақтап, елді өрге сүйрейтінін мәлімдеді.
Еске салайық, Құрылтай сайлауы алдындағы теледебат осымен төртінші рет ұйымдастырылды. Сөз сайысы бұл жолы 24KZ телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді.