Саяси партияларға бөлінген қаражатты бақылау Жоғары аудиторлық палатаға беріледі

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Саяси партиялардың жұмысына бюджеттен бөлінген қаражатты бақылау Жоғары аудиторлық палатаға берілмек.

«Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады», - деп жазылған Орталық сайлау комиссиясы ұсынып отырған қаулы жобасында.

Қаулының қазір қолданыстағы редакциясында бұл қаражатты бақылау бюджет заңнамасындағы тәртіппен реттелетіні айтылған. 

Айта кету керек, 5 шілдеде Президент Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және статистика, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңға қол қойған болатын. Соның ішінде «Саяси партиялар туралы» заңның 18-1-бабының 4-тармағы өзгертілген.

«Бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады», - деп жазылған аталған баптың жаңа редакциясы.

Қаулы жобасы 1 тамызға дейін қоғам талқылауына ұсынылып отыр.