Саяси жауапкершілік енді бүкіл партияға жүктеледі - Индира Әубәкірова

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін ОСК жанындағы Сараптамалық кеңестің алтыншы отырысында жаңа Конституция жағдайындағы сайлау заңнамасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жиында кеңес мүшесі Индира Әубәкірова жаңа заңнама саяси партиялардың жауапкершілігін күшейтетінін айтты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның сөзінше, енді сайлаушының таңдауы жеке кандидатпен шектелмейді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

– Бұған дейін сайлау процесінде негізгі назар жеке кандидатқа аударылып келсе, енді саяси партияның орны айқындала түсті. Сайлаушы тек адамға ғана дауыс бермейді. Ол өзінің өмірін жақсартуға бағытталған идеяларға, құндылықтарға және сол идеяларды жүзеге асыратын командаға таңдау жасайды. Осылайша, азамат белгілі бір партияның елді басқаруға қаншалықты дайын екеніне баға береді. Шын мәнінде, ол таңдауын жеке кандидатпен ғана емес, саяси партиямен байланыстырады, – деді Индира Әубәкірова.

Сарапшының пікірінше, осы өзгерістерден кейін әр кандидатқа қойылатын талап та өзгереді. 

– Әр кандидат енді жеке саяси тұлға ғана емес, партияның бет-бейнесі. Сондықтан бір депутаттың жіберген қатесі бүкіл партияның қатесі ретінде қабылданады. Саяси жауапкершілік жеке адаммен ғана шектелмейді. Ол бүкіл партияға жүктеледі. Партия өз парламенттік командасы үшін тек сайлау өткен күні емес, бүкіл өкілеттік мерзімі бойы жауап береді, – деді ол.

Сонымен қоса, сарапшылар жаңа конституциялық жағдайдағы сайлау құқығын дамыту мәселелерін, Құрылтай депутаттарын сайлауды өткізудің ерекшеліктерін, сайлау алдындағы үгітті құқықтық реттеуді, азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру кепілдіктерін кеңейтуді, сондай-ақ сайлауды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін қарастырды.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар жаңартылған заңнаманы тиімді іске асыру жаңа құқықтық тетіктерді бірізді түсінуді және оларды сайлау процесінің барлық қатысушылары тарапынан дәйекті түрде қолдануды талап ететінін атап өтті. Сарапшылардың ұсыныстары Орталық сайлау комиссиясының сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі алдағы жұмысы барысында қаралатын болады.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында жаңа Конституцияға сәйкес әзірленген сайлау заңнамасындағы өзгерістер талқыланып жатыр.