Саяси жүйе заман талабына сай жаңғыруы керек – Уайлдер Алехандро Санчес

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет – тірі ағза секілді жүйе, сондықтан ол ішкі және жаһандық жағдайларға сай бейімделіп отыруы қажет. Сол сияқты, барлық мемлекеттік институт өз міндеттерін тиімді атқару үшін қайта жаңғырып тұруы тиіс. 

Бұл туралы Вашингтондағы Second Floor Strategies LLC консалтингтік компаниясының президенті Уайлдер Алехандро Санчес Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында айтты.

V Ұлттық құрылтайда жарияланған саяси өзгерістер туралы пікір білдірген сарапшы әлемдегі көптеген ел заң шығарушы биліктің әртүрлі үлгілерін қарастырып жатқанын айтады. Мәселен, Перуде 2026 жылдың сәуір айында бірпалаталы жүйеден екіпалаталы парламентке көшу аясында сенаторлар мен депутаттарды сайлау жоспарланған.

Осы тұста «қай шешім дұрыс?» деген орынды сұрақ туындайды. Қысқасы, ең дұрыс модель – Қазақстан халқына нақты пайда әкелетін жүйе.

– Егер бірпалаталы жүйе парламент пен жалпы мемлекеттік аппараттың халық игілігі үшін тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе, онда бұл орынды шешім, - деп есептейді Уайлдер Алехандро Санчес.

Сарапшының пікірінше, болашақ Құрылтай жұмысына әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуы үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуі аса маңызды. Бұл жаңа орган Қазақстан халқының барша өкілін қамтуы тиіс.

– Халық кеңесін құру бастамасы өте қызықты. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар мен этностық топтардың өкілдері енетіні ұнайды, - деді америкалық сарапшы.

Санчес Халық кеңесі халық мүддесіне сай келмейтін бастамалар мен жобаларға қатысты басқа мемлекеттік органдармен келіспей, өз ұстанымын ашық білдіре алуы керек деп санайды.

Сондай-ақ ол Қазақстанда вице-президент институтын құру бастамасын қолдайтынын жеткізді.

– Вице-президент лауазымын қайта енгізу қисынды қадам. Бұл басқару жүйесінің тұрақтылығын сақтауға және дағдарыс жағдайында биліктің сабақтастығын нақты айқындауға мүмкіндік береді. Аймақтағы кейбір елдерде билік сабақтастығы нақты айқындалмағандықтан, түрлі саяси дағдарыстар туындағанын көрдік. Сондықтан «белгісіз аймақтарды» жойып, мемлекеттің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды, - деді Уайлдер Алехандро Санчес.

Еске сала кетейік, АҚШ-тағы The Atlantic Council’s Eurasia Center-дің штаттан тыс ғылыми қызметкері, Еуразия жөніндегі сарапшы Марк Темницкий Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңашылдықтарды бағалады.