Саят Әбілдин «Astana Arlans» бас менеджері міндетін атқарушы болып тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс сериясына қатысатын «Астана арландары» клубы бас менеджерінің міндетін атқарушы болып Саят Әбілдин тағайындалды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлайды.

Бұған дейін, 2014 жылдан бері, ол бас менеджердің орынбасары қызметін атқарған.

«Маусымның қызған шағында маған қызметімнен кетуге тура келді. Қазіргі уақытта команда 4 наурыз күні Атырауда «Қытай айдаһарларына» және 18 наурыз күні Таразда «Ресей патриоттары» клубтарына қарсы өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр. Клуб ішіндегі білікті маманды бұл орынға қойғанына қуаныштымын. Саятты бұрыннан білемін. Алдағы уақытта жұмысына табыс тілеймін», - дейді Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев.

Айта кетейік, 28 ақпанда Орталық сайлау комиссиясының отырысы кезінде «Нұр Отан» партиясының мүшесі Сәпиев Серік Жұманғалиұлын Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тіркеу шешімі қабылданған болатын. Сол себепті ол "Астана арландары" клубы бас менеджері қызметінен босатылған еді.