Саяжайда болған өрт екі адамның өмірін қиып кетті
10:50, 03 Желтоқсан 2012
АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматыдағы Кеңсай-2 шағынауданындағы саяжайда тұрғын үйдің 40 шаршы метр аумағы отқа оранды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ.
Өрт 6,5 сағаттан кейін толық сөндірілді. Оны ауыздықтауға қалалық ТЖД жеке құрамының 7 адамы мен 2 техникасы тартылды. Өрт болған жерден 46 жастағы әйел мен тұлғасы анықталмаған ер адамның мәйіті табылды.
Сондай-ақ осы күні Рудный қаласында кешқұрым 5 қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында өрт болды. Жалын жарты сағаттан кейін сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға Қостанай облыстық ТЖД жеке құрамының 8 адамы мен 2 техникасы жұмылдырылды. Өрт орнынан 79 жастағы әйелдің мүрдесі табылды.