Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы 31 шілдеде «2014 жылғы 1 қазанға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жарияланған болатын.
Брифингте Қ. Тұрғанқұлов: «2008 жылғы 4 қазанда сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімі ағымдағы жылғы 9 желтоқсанда аяқталады. Осылайша, 1 қазанда республиканың 16 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір депутаттан сайлауымыз керек» - деп атап өтті.
Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады.
Жанама сайлау құқығы - Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беруге тек қана таңдаушылар - мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді.
Осылайша, өз кезегінде азаматтар тікелей сайлауда сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды, ал олар Парламентте өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді.
Ортсайлауком басшысы атап өткендей, Парламент палаталарының бірін қалыптастырудың осындай үлгісі әлемдік тәжірибеде жиі кездеседі.
Мысалы, біздің еліміздегі сияқты екіпалаталы парламенті бар 77 мемлекеттің 21-інде жоғарғы палаталар жалпыға бірдей сайлау арқылы құралады, 12 елде - жанама сайлау арқылы, 18 елде тағайындау арқылы, 26 елде жоғарыда көрсетілген үш нысаннан үйлестіру жолымен құралады.
Қазақстандық Парламенттің жоғарғы палатасы депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Әр үш жыл сайын Сенат депутаттарының жартысы қайта сайланады.
Кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсына алу мүмкіндігі бар.
Конституцияға және заңнамаға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс өтілі бес жылдан кем емес, сондай-ақ соңғы он жыл бойы еліміздің аумағында және соңғы үш жыл бойы өзі дауысқа түсетін өңір аумағында тұрақты түрде тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер тиісті аумақтық мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Ол үшін тиісті қолдар санын жинау қажет.
Сенат депутаттығына кандидат тіркеуге дейін және оның Конституция мен Сайлау туралы заңда көрсетілген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, сондай-ақ оны қолдауға жиналған қолдар тексерілгеннен кейін сайлау жарнасын енгізеді. Биылғы жылы жарна 299 мың 490 теңгені құрайды.
Сонымен қатар, кандидат және оның зайыбы тіркеуге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті.
Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы балама негізде өтеді. Яғни, дауыс беруге арналған бюллетеньдерге екі кандидаттан кем енгізілмеуі қажет.
«2014 жылғы 1 қазанға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының ережелерін іске асыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті.
Аталған жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылғы 31 тамызға дейін жүреді. Тіркеу 2014 жылғы 11 қыркүйекке дейін, ал сайлау алдындағы үгіт 12 қыркүйекте басталып, 29 қыркүйектің 24.00 сағатқа дейін жүргізіледі.
Дауыс беруді, дауыстарды санауды және қорытындыларды жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бір күн ішінде - 1 қазанда жүргізеді.
Сайлаудың соңғы қорытындыларын Ортсайлауком 2014 жылғы 7 қазаннан кешіктірмей анықтауы қажет.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын өткізуге республикалық бюджеттен барлығы 136 миллион теңге бөлінді.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың әрқайсысына сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, сондай-ақ көліктік шығындарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.
Сонымен қатар, кандидаттардың әрқайсысы жалпы қаражат мөлшері 13 млн. 976 мың 200 теңгеден аспайтын сайлау қорын құра алады.
Сыртқы істер министрлігі Ортсайлаукоммен бірлесіп халықаралық байқау институтын ашады.
Сайлау заңнамасына сәйкес Ортсайлауком Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге жалпы басшылық етеді. Сайлауды өткізуді облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары тікелей қамтамасыз етеді. Сондықтан ұйымдастырушылық, ақпараттық және үгіттік жұмыс өңірлерде өткізілетін болады.
Кандидаттарға сайлау алдындағы үгітті жүргізуге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты сайлау комиссиялары кандидаттардың үгіттік материалдарын тек жергілікті өңірлік масс-медиада жариялауын қаржыландыруға жіберетін болады.
Баспасөз-конференциясы барысында Ортсайлауком басшысы тиісті сайлау органдары қажетті ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілді деп атап өтті.
Жұртшылықты неғұрлым толық ақпараттандыру мақсатында Ортсайлаукомның тапсырысы бойынша алдағы сайлауға арналған ақпараттық бейне- және дыбысроликтер әзірленді, олар негізгі республикалық және өңірлік теледидар және радиоарналарының тарату кестесінде 1 тамыздан бастап орналастырылады.
Сонымен қатар барлық облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында ақпараттық билбордтар орналастырылады.
Сондай-ақ Қ.Тұрғанқұлов сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде тұрақты жұмыс жасайтын Ортсайлауком баспасөз-орталығының ашылуы туралы хабардар етті.
«Алдағы сайлау науқанының маңыздылығын ескере отырып, Ортсайлауком барлық сайлау процесіне қатысушылардың сайлау заңнамасының нормаларын сақтауына ерекше көңіл бөліп, Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын Мемлекет басшысының Жарлығына толық сәйкес ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етеді» - деді Ортсайлауком Төрағасы баспасөз мәслихатының соңында.