Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов ЕҚЫҰ өкілдерін республикалық штабтың жұмысымен таныстырып, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретіндегі болашақ жоспары жайында әңгімелеп берді.
«Бүгінге дейін 5 аймақты аралап, Астана қаласында бірнеше кездесу өткізіп үлгердік. Жалпы алғанда, сайлаушылармен 12 кездесу өткізіп, онда сайлауалды бағдарламаммен таныстырдым, сайлаушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап бердім», - деді Ә.Құсайынов.
Сонымен қатар Ә.Құсайынов аймақтық сайлауалды штабтарында 200-ден аса сенімді тұлғасы жұмыс істеп, олар да сайлаушылармен кездесу өткізіп, сондай-ақ өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын түсіндірумен айналысатынын атап өтті. Сондай-ақ ол осы жылдың 20 сәуіріне жоспарланған Астанада өтетін аймақтық сайлауалды штабтарының слеті туралы айтып, ЕҚЫҰ өкілдерін аталмыш іс-шараға қатысуға шақырды. Аймақтық штабтардың слетінде үгіт-насихат жұмыстарының алдынала қорытындысын шығарып, аймақтық штаб жетекшілерінің атқарылған жұмыстар жайлы есептерін тыңдау жоспарланған.
Ә.Құсайынов ЕҚЫҰ өкілдерінің назарын Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретіндегі жұмысын ешқандай кедергісіз жүргізіп жатқанына аудартып, аймақтардағы барлық кездесулері заңға сәйкес ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар барлық қажетті кеңестерді шұғыл ұсынып отырған аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің ашықтығы мен біліктілігін ескерді.
ҚР Президенттігіне кандидат сондай-ақ БАҚ-пен тығыз қарым-қатынас орнатып, жемісті жұмыс жастап жатқандарын назарға алды.
«Барлық республикалық телеарналар іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу үшін өз алаңдарын ұсынып отыр. Үгіт-насихат роликтері медиа-жоспарымызға сәйкес эфирге шығып жатыр. Жалпыұлттық газеттерде менің сайлауалды бағдарламам жарияланып, үгіт-насихат модульдеріміз орналастырылды. Жалпы, республикалық деңгейде болсын, аймақтық деңгейде болсын, біз жүргізген сайлауалды науқанын ақпараттық сүйемелдеу барысына көңілім толады», - деді Ә.Құсайынов.
Ә.Құсайынов атап өткендей, сайлау науқаны Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына толық сәйкестікте өтіп жатыр.
Одан бөлек, ЕҚЫҰ өкілдерімен кездесу кезінде ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сайлау науқаны аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар жайында әңгімелеп берді.
Атап айтқанда, ол ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың елордадағы және аймақтардағы штабтары ыңғайлы жерде орналасқанына тоқталды. Оның айтуынша, штабтарға консультациялық қолдауды Орталық сайлау комиссиясы, облыстардағы аумақтық сайлау комиссиялары көрсетіп отыр.
Үгіт науқаны қарсаңында қажетті көлемде үгіт-насихат материалдары әзірленді. Мысалға, Астана мен Алматы қалаларында әрқайсысында 4 билбордтан, облыс орталықтарында 2 билбордтан, сонымен қатар Жезқазған мен Семей қалаларында бір-бір билбордтан ілінді.
Плакаттар әзірленіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасы (50 мың плакат пен сайлауалды бағдарламасының 3 мың данасы) басып шығарылды.
Жалпы, Р.Жоламан атап өткендей, сайлауалды науқанын толыққанды жүргізу үшін барлық жағдай жасалған.