САЙЛАУ-2015: Астанада ҚР Президентігіне кандидат Н.Назарбаевты жақтаушылардың форумы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Қазақстан» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдаған форум өтті. Шара сайлау науқанының үгіт кезеңін аяқтады.

Форум қатысушылары - Республикалық қоғамдық штабтың, Астана қалалық қоғамдық штабының мүшелері, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми және шығармашылық инттеллигенция өкілдері арасынан сенімді өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Астана қаласы мәслихатының депутаттары, жастар белсенділері, спортшылар, бизнес өкілдері, Алматы, Қостанай, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан кандидаттың сенімді өкілдері.

Атап айтқанда, Рудный қаласынан «ССКӨБ» зауытының жұмысшысы Руслан Исмұхамбетов форумда Қазақстанның барлық еңбеккерлері және әсіресе металлургтер Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс береді, деп мәлімдеді.

«Кеншілер таңдауы - темірдей. Біз Елбасымен бірге құрыштай шыныққанбыз, біздің қанымызда ыстық болаттың қызуы бар. 2015 жылғы 26 сәуірде 20 мың кенші барлығы да бір кісідей сайлау учаскелеріне келіп, Ұлт Көшбасшысы біздің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс береді», деп атап көрсетті Р.Исмұхамбетов.

Қазақстанның этномәдени бірлестіктері атынан ҚХА мүшесі Тараздан Федор Клименко сөз сөйледі.

«Сонау 1995 жылы Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясы болды, сол кезде Президентімізге жұрттың бәрі бірдей сенген жоқ. Елде нан болмады, еңбекақы, зейнетақы жоқ, ал Назарбаев қайдағы бір Ассамблея дегенді құрып жатыр, деді, бірақ та жылдар өтті және кеше сессияда бүкіл әлем бұл Қазақстанның нағыз ерлігі екенін көріп білді. Сондықтан да күмән жоқ, біз келісім үшін, Назарбаев үшін дауыс береміз», - деп атап өтті Ф.Клименко.

Шығармашыл жастар атынан «Астана Опера» әншісі Салтанат Ахметова сөз сөйледі.

«Біздің әрқайсымыз болашақта Қазақстан қандай болатынына және біздің балаларымыз Қазақстанды қалай көретініне жауаптымыз. Күшті Қазақстанға күшті көшбасшы керек. Нақ сондықтан да 26 сәуір күні біз бір кісідей дауыс береміз және жүрек жылуын Назарбаевқа береміз», - деп мәлім етті С.Ахметова.

Форумға екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин де қатысты. Ол Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды чемпиондар еліне айналдырғанын атап көрсетті.

«Елбасының арқасында біз 13 олимпиадалық медальді жеңіп алдық, Лондон олимпиадасында 12-ші орынға табан тіредік. Бұл оңайға түскен жоқ. Мен де чемпионмын және чемпион үшін, Нұрсұлтан Назарбаев үшін дауыс беремін», - деп атап өтті И.Ильин.

Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау форумы бүгін еліміздің барлық аймақтарында өтті. Олардың бәрі де бірауыздан біздің республикамызға күшті көшбасшы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев керек екендігін мәлімдеді.