САЙЛАУ-2015: Кандидат Н.Назарбаевтың РҚШ мүшелері Тараз қаласында болды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 2015 жылдың 7 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне Үміткер Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Тараз қаласында болды. Бұл жерде олар Жамбыл облысының белсенділерімен, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты жұмысшыларымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Делегация құрамында - Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, ғылыми және шығармашыл зиялылар, белгілі қоғам қайраткерлері мен спортшылар бар.

«Баласағұн» концерт залында РҚШ мүшелерінің Жамбыл облысының белсенділерімен кездесуі өтті. Елбасына өз қолдауларын білдіруге мыңнан астам жамбылдықтар жиналды. Олар белгілі қоғам қайраткерлері, өңірдің құрметті азаматтары, мәслихаттардың депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, жастардың және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, өндіріс секторының, шағын және орта бизнестің өкілдері.

Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының бірегейлігі туралы өңірдегі ҚХА құрудың негізін қалауға ат салысқан түрік этно-мәдени орталығының төрағасы Дүниядар Абдуллаев сөйлеген сөзі барысында әңгімелеп берді.

«ҚХА - біздің Президентіміз құрған, әлемдегі теңдесі жоқ, ұлтаралық келісімнің бірегей институты. Алғашқы жылдарда жұрттың көбісі оның қажеттілігіне күмәнданды, бүгінгі таңда Қазақстан тәжірибесі шет елде зерттелуде. Кез-келген елдегі ұлтаралық келісім ел Лидерінің саясатына байланысты. Жамбыл облысы ҚХА мүшелерінің атынан біздің бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді, яғни, Елбасыны қолдайтынымызды мәлімдеймін!» - деп атап өтті Дүниядар Абдуллаев.

Жаңа Жамбыл фосфор зауытының алаңында өндіріс секторының өкілдерімен РҚШ мүшелерінің кездесуі болды. Минералды тыңайтқыштар зауытының шебері Болатхан Көптілеуов кәсіпорын жұмысшыларының атынан өндіріс саласына қолдау көрсеткені үшін ел Президентіне алғыс білдірді.

«Тәуелсіздік жылдарында біздің еліміз алға қарыштап қадам басты, жаңа кәсіпорындар ашылуда, жыл сайын Еңбек Адамының мәртебесі мен маңызы арта түсуде! Біздің жалақымыз өсіп, еңбек ету жағдайымыз жақсаруда. Және осының бәрі Президентіміздің арқасында. Сондықтан кәсібіміз бен қызметімізге қарамастан одан әрі қарай дами беруіміз үшін, бүгінгі таңда біздің бәріміз де ұлт Лидерінің маңына топтасуымыз қажет, Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздегі жұмысшы адамның негізгі тірегі», - деді Болатхан Көптілеуов.

Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Леонид Франгулиди өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында өте қиын жағдайда болғанын, сол кезде Н.Ә.Назарбаев зауытқа миллиардтаған инвестициялар тартуға көмектескенін, соның арқасында «зауыттың екінші өміріне» дем бергенін жұрттың есіне салды.

«Жамбыл электрлік жүйесі» ЖШС алаңында РҚШ мүшелері ТКШ қызметкерлерімен де кездесті. Олар Нұрсұлтан Назарбаевқа оның «Нұрлы Жол» бағдарламасы үшін міндетті түрде алғыс білдіруді өтінді, бұл бағдарлама аймақтың инфрақұрылымын сапалы түрде жаңартуға және мыңдаған жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Аға ұрпақтың өкілі ретінде соғыс және еңбек ардагерлерін қолдауға бағытталған әлеуметтік саясаты, сондай-ақ, біздің балаларымыздың жұмыс істеп және оқып, ал немерелеріміздің бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатыны үшін Президентімізге шын жүректен алғыс айтқым келеді», - деді кәсіпорын қызметкері Ирина Цитель.

Түстен кейін РҚШ мүшелері шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында белгілі жазушы, Жамбыл облысының құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы Мемлекет басшысының рөлін ерекше атап өтті.

Жамбыл облысының мыңдаған тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелерімен кездесулерге қатысты. Адамдар өздерінің тек Ұлт Көшбасшысы үшін ғана дауыс беретіндерін бірауыздан мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар