САЙЛАУ-2015: Кандидат Т.Сыздықов аймақтық сайлауалды штабтары жетекшілерімен скайп-конференция өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықов аймақтық сайлауалды штабтары жетекшілерімен скайп-конференциясын өткізді.

Кіріспе сөзінде Т.Сыздықов үгіт-насихат науқаны жоғары дәрежеде жария және тең мүмкіндіктер жағдайында өткізіліп отырғанын жеткізді.

«Осы сайлау науқаны арқасында біз бұқара халықтың назарын аударып, сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтары мен қағидаларын жеткіздік», - деді Т.Сыздықов.

«Кандидаттың үгіт-насихат поезы сегіз аймаққа барып, сайлаушылармен 60-тан астам кездесулер өткізілді. Біз өзіміздің коммунистік тұғырнамамыз, марксизм-ленинизм идеялары, жалпыадамзаттық құндылықтар - бейбітшілік, тұрақтылық пен төзімділік, интернационализм мен халықтардың достастығы туралы әңгіме қозғадық. Халықтар арасындағы өзара түсіністік пен ортақ өркендеу мен бейбітшілік үшін барлық халықтардың өзара әрекеттестікке тартылу қажеттігі туралы пікірталастар жүргіздік», - деді Тұрғын Ысқақұлы.

Содан кейін облыстық комитет жетекшілері жұмыс нәтижелері жөнінде баяндады. Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды штабының жетекшісі С.Ярлыгасымов насихатшылардың 18 елді мекенді аралап, сайлаушылармен кездесу барысында кандидаттың бағдарламасы туралы баяндағанын жеткізді.

Атырауда да жұмыс өз жалғасын табуда. Атырау облысы бойынша сайлауалды штабының жетекшісі Е.Дәулетқазиев баяндағандай, аймақта жүргізіліп отырған жұмыс жемісті. Штаб қызметкерлері Ақкөл, Мақат, Аққыстау, Көлсары аудандық орталықтарда кездесулер өткізген.

«Ақтөбелік сайлауалды штабында 5 сенімді тұлға және 20 обком белсенділері, бүкіл облыс бойынша 120 насихаттаушы қызмет етіп келеді», - деді Ж.Молдашев.

«Маңғыстау облыстық сайлауалды штабы Ақтау қаласынан басқа үш елді мекенде - Шетпе, Форт Шевченко, Мұнайшы қалаларында кездесулер өткізді», - деп баяндады обком жетекшісі Р.Махамбетова.

Сайлауалды штабының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Н.Қадырқұловтың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында шалғай жатқан аудандар да қамтылды. Осы уақытқа дейін 250-ден астам кездесулер және 15 000-ға жуық адамдар қамтылды.

Белсенді жұмыс Қызылорда және Жамбыл облыстық сайлауалды штабтарымен жүргізілуде, олар облыс тұрғындары мен еңбек ұжымдарымен 100-ден астам кездесулер өткізді.

Республикалық штаб жетекшісі А.Қоңыров елде 16 облыстық және 1 республикалық сайлауалды штабы қызмет етіп отырғанын, кандидаттың 100-ге жуық сенімді тұлғаларының тіркелгенін, үгіт-насихат жұмысында 15 000-нан астам белсенділер мен насихаттаушылар тартылғанын баяндады.

Басылымдар мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидарға кандидат пен аймақтық сайлауалды штабтарының қызметі туралы мыңнан астам ақпарат жарияланды.

«Біз «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан» газеттерімен, «Bnews» сайтымен, «24kz», «Хабар», «ҚазАқпарат» агенттіктерімен тығыз ынтымақтастық орнаттық», - деді А.Қоңыров.

Орыс және қазақ тілдеріндегі сайлауалды бейнероликтері төрт ресубликалық «КТК», «Хабар», «31 канал», «Қазақстан» телеарналарында көрсетіліп келеді.

Қазіргі кезге дейін бейнежазба 184 рет көрсетілді. «Қазақ радиосында» екі тілде үгіт-насихат аудиожазбасы таратылуда.

Бүкіл республикада, облыс орталықтарындағы, аудандар мен ауылдардағы жарнамалық орындарда 600 000 сайлауалды плакаттары ілінген. Әрбір облыс орталығында 80 билборд орнатылған.

Сонымен бірге Т.Сыздықовтың белсенділері халықаралық бақылаушылармен кездесулер өткізді, ЕҚЫҰ өкілдері барлық облыстық сайлауалды штабтардың қызметкерлерімен кездесті.

Республикалық штабта да ЕҚЫҰ басшысымен және сайлауды бақылау бойынша республикалық қоғамдық комиссияның өкілдерімен кездесулер өткізілді. Сайлау науқаны қандай да құқық бұзушылықсыз, ұлттық заңнама мен халықаралық нормалардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар бүгін Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Т.Сыздықов пен жас коммунистер тобы қызыл ленталармен әсемделген көгершіндерді аспанға ұшырды. Оларды ұшуы дүниежүзіндегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен өркендеуді, сондай-ақ коммунистік идеялардың жаңа биіктерге көтерілуін сипаттайды.

Шараның 40-тан астам қатысушылары құстардың ұшқанын қызыл жалаушалармен қарсы алды.

Акция қатысушыларының алдында баяндама жасай келе, Т.Сыздықов бүгінгі күні бейбітшілік пен өркендеу идеяларын алға тарту жастарға түсінікті және айқын рәміздердің қажет екенін жеткізді.

«Осы көгершіндердің ұшуы астарында тек айқын және түсінікті рәміздер мен мақсаттар біздің жастардың жаңа көкжиектерге жетуін білдіретін идея жатыр», деді ол.

Бейбітшілік құсы деп танылған көгершін дүниежүзінің барлық жеріндегі ұрпақтардың өкілдеріне түсінікті интернационалдық рәміз болып табылады.

Ол сондай-ақ: «Ізгілік, мейірбандық және қонақжайлық - біздің көршілермен достығымыздың берік негізі. Осы құндылықтар біздің жерімізде бірлік пен өркендеуге алып келеді. Біздің мәдениетіміздің біртұтастығы мен қайталанбастығы интернационализм қағидаларына негізделген», - деген ойын жеткізді.

«Осы сайлау науқаны арқылы коммунистер өздерінің қағидалары мен марксистік-лениндік ілім негіздерін жеткізе алды. Мен сегіз аймақта болып, 15 қалаға барып, сайлаушылармен 60-тан астам кездесулер өткіздім», - деді Т.Сыздықов акция қатысушыларына.

Қызыл ленталар аспанда желбіреген сәтте, партияның жас өкілдері атынан В.Смирнов баяндама жасады.

«Аспандағы көгершіндер біздің жас серіктестерімізді жаңа жетістіктерге жігерлендіреді. Біздің бірлігіміз қарапайып әрі баршаға түсінікті бейбітшілік пен тұрақтылық рәміздері төңірегінде күшейіп келеді. Біздің акциямыз ұрпақтар арасындағы тығыз байланыс пен үлкендерді құрметтеу идеясын сипаттайды. Осындай өзара түсінушіліктің маңызын асыра бағалау мүмкін емес. Біздің кандидат отбасылық құндылықтарды қолдап, батыс мәдениетінің жағымсыз тұстарына қарсы шығуда және біз оны барынша қолдаймыз. ҚКХП марксизм-ленинизм идеяларын дамытуды жалғастыруда және жас коммунистер оның тек жақсысын алуда, олар ізгілік, интернационализм мен өркендеуге ұмтылыс. Тек халықтардың достастығы мен барлық елдердің бейбіт диалогы бейбітшілік пен тұрақтылықтың пәрменді құралдары болып табылады. Біздің негіздеріміз қызыл ленталармен көркемделген осы керемет құстардың ұшуы сияқты қарапайым әрі түсінікті», - деді В.Смирнов.

Ұшып бара жатқан құстарға бақылай отырып, шараның қатысушылары оларға қызыл жалаушалармен қол бұлғап, Интернационал гимнін орындады.