САЙЛАУ -2015: Сенің дауысың - Сенің болашағың!» постерлер байқауына 600-ге жуық жұмыс жіберілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сенің дауысың - Сенің болашағың!» атты байқауға келіп түскен жұмыстардың көрмесі өтеді.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қаламгер - Азамат» жас журналистер қоғамдық қорының төрағасы Айдар Қырықпай мәлім етті.

«Менің ойымша, кезектен тыс президенттік сайлау әрбір қазақстандық үшін үлкен мереке болуы керек. Өйткені, біз өзіміздің болашағымыз үшін дауыс береміз. Осы тұрғыда жастарды, барша қазақстандықтарды өздерінің азаматтық көзқарасын білдіру мақсатында, қызықтыру бағытында «Сенің дауысың - Сенің болашағың!» атты байқауды ұйымдастыруды жөн көрдік»,-деді ол.

Айта кетейік, байқау 17 наурызда жарияланды. Осы күнге дейін бұл шараға орай 600-ге жуық жұмыс ұсынылған екен.

«Күн сайын қатысуға ниеттілердің саны артып келеді. Жұмыстарды ұсынған жастардың көзқарастары өте мықты, еліміздің символдарына, құндылықтарына байланысты өте жақсы постерлер салып жатыр»,-деді А. Қырықпай.

Белгілі болғандай, авторлардың көпшілігі 18-29 жас аралығындағылар. Байқаудың ең жас қатысушысы ретінде Қазақ ұлттық өнер университетінің жанындағы мектептің оқушысы 14 жасар Шұғыла Махамбет тіркелді.

Байқауға жұмыстарды қабылдау 15 сәуірде аяқталады. Үздік шыққан жұмыстарды қазылар алқасы іріктеп, Алматыда 20 сәуірде салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтеді. «Байқаудың мақсаты - өзіндік шеберлігімен көзге түскен жастарды халыққа таныту. Осы орайда байқау қорытындысы шыққаннан кейін келесі күні Алматыда ұсынылған жұмыстардың барлығын көрмеде көпшілік назарына ұсынуды жоспарлап отырмыз»,-деді ол.

Бұл байқау «Sailau2015.el.kz» арнайы тұғырнамасы аясында «El.kz» әлеуметтік желісінің базасында өтіп жатыр. Қазіргі кезде постерлердің басым бөлігі Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарынан келіп түсті.