Сайлау-2019: Қазақстан коммунистік халық партиясы өз кандидатын ұсынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан коммунистік халық партиясының» кезектен тыс съезі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынның күн тәртібінде 2019 жылғы 9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына партия атынан кандидатура ұсыну мәселесі тұр.

«2019 жылдың 26 сәуірінде сағат 10.00-де «Park Inn» қонақ үйінде «Қазақстан коммунистік халық партиясының» Кезектен тыс XIV Съезі өтеді. Съезд барысында 2019 жылы 9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына ҚКХП атынан ҚР президенттігіне кандидат ұсынылады», - деп хабарлады ҚКХП ресми сайтында.

Еске сала кетсек, 9 сәуірде республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Конституциясына сәйкес ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу жөнінде шешімін жариялады.

23 сәуір күні Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылды.

«Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы Дания Еспаеваны ресми түрде президенттікке үміткер ретінде бекітті.

Одан бөлек, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан қоғам қайраткері, жазушы-журналист Сәдібек Түгел, «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Амангелді Таспихов кандидат ретінде тиісті құжаттарын тапсырды.

"Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы атынан президент сайлауына Төлеутай Рахымбеков кандидат ретінде ұсынылды.