«Конституциялық кеңестің «ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі қалай айқындалады» деген сұраққа берген жауабы бар. Ол жерде кандидатқа сауатты оқи алу, жаза алу және өз ойын еш қиындықсыз жеткізе алу талабы туралы айтылады. Кандидаттың мемлекеттік тілді жетік меңгергендігі ҚР Орталық сайлау комиссиясы құратын лингвистикалық комиссияның қорытындысымен айқындалады. Лингвистикалық комиссияға тіл саласының мамандары кіреді. Бұл комиссия кандидаттың мемлекеттік тілді меңгергендігін айқындайтын барлық шараларын жүзеге асырады», - деді ол бүгін комиссия отырысы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, ОСК ҚР Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің, жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесіп, танымал лингвисттерді, әдебиетшілерді аталған комиссияға мүшелікке тартатын болады. Ал президенттікке кандидатқа қазақ тілінде жаза алу, оқи алу және лингвисткалық комиссия ұсынған тақырып аясында көпшілік алдында 15 минут сөйлеу сынды талаптар қойылады.
«Шығарма жазуға 1 сағат уақыт, кандидат қажет етсе, тағы 1 сағат уақыт қосымша беріледі. Одан кейін белгілі бір шығарманы сауатты оқуға және көпшілік алдында 15 минут сөз сөйлеуге дайындалуға да бір сағаттан уақыт бөлінеді. Мәселен, өткен сайлауда шығарма жазу үшін «Менің елім», «Туған жерім», «Қазақ халқының рухани құндылықтары» сынды тақырыптар берілді. Ал оқуға Абай Құнанбаевтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұқағалидың, Фаризаның поэзиялары ұсынылған еді», - деді Л.Сүлеймен.