Сайлау -2021: Көкпаршылар дауыс берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда іргесіндегі Талапкер елді мекенінің бір топ тұрғыны сайлау учаскесіне атпен келіп, жұртты таң қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына сілтеме жасап.

Көкпаршылар күннің суығына қарамай сайлауға сүліктей сәйгүліктерін ерттеп, мерекелік көңіл күймен келіп, өз таңдауын жасап кетті.

Темір тұлпар мініп, жаяу келген сайлаушыларға көз үйренді. Дәл ат мініп, белбеуін буынып, басына бөрік киіп келген сайлаушыны күнде көрмейтініміз анық. Талапкер мектебінің маңына көпаршылар өз таңдауын жасау үшін жиналды. Онымен қоса ұлттық ойын көкпар мен ат баптау өнерін насихаттай келген.

«Бір жағынан суық машина от алмай қалды. Сондықтан атпен келдік»,-дейді Қазақстан жылқы өсірушілер одағының вице-президенті Дидар Жексеков.

Сайлау – саяси науқан. Бірақ, Дидар бастаған жігіттер бүкіл ел үшін маңызды оқиғаға қазақы рең берді.