Сайлау-2022: Мейрам Қажыкен Ақтөбеге барды
Кандидат бірінші болып Ақтөбе рельс-арқалық зауытының қызметкерлерімен кездесті.
Мейрам Қажыкен өзінің сайлауалды тұғырнамасының мақсат-мүддесімен таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша ол зауыт қызметкерлеріне өзінің сайлауалды тұғырнамасына қызығушылық танытып, қойған сұрақтары үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, кәсіпорын металл конструкцияларына арналған ұзын өлшемді рельстермен қатар, басқа да өнімдер шығарады. Өндіріс көлемі – жылына 200 мың тоннадан астам рельс. Зауыт өз өнімдерін Қазақстан нарығына және бірқатар жақын шет мемлекеттерге жеткізеді.
Бұған дейін президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен Өскемен қаласына барып, Шығыс Қазақстан ауруханасы диагностикалық орталығының қызметкерлерімен кездескенін және «Восток молоко» корпорациясына барғанын хабарлаған едік. Сондай-ақ кандидат «Каравай» ЖШС және ГЭС ұжымдарымен де кездесті.
Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал 20 қарашада президент сайлауы өтеді.