Сайлау-2022: Мейрам Қажыкен Өскеменге барды

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен Өскемен қаласына барып, Шығыс Қазақстан ауруханасы диагностикалық орталығының қызметкерлерімен кездесті. Бұл туралы ҚазАқпарат кандидаттың Штабына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Кандидат жиналғандарға өзінің сайлауалды бағдарламасы жайлы айтып берді. Содан соң ақ халаттылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Айта кетсек, облыстық аурухана 1889 жылы ашылған. Қазіргі уақытта мұнда 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Облыстық аурухананың құрамына 6 зертхана, 12 клиникалық және 7 параклиникалық бөлімше, оның ішінде өңірдегі жалғыз кеуде және тамыр хирургиясы, проктология, көз микрохирургиясы, ортопедия бөлімшелері кіреді.

Бұған дейін Мейрам Қажыкен үгіт-насихат науқаны аясында Семей медициналық университетінде болғанын жазған едік.

Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт-насихат 2022 жылғы 21 қазанда басталды және сайлаудан бір күн бұрын, яғни 19 қарашада аяқталады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада Президент сайлауы өтеді.