Сайлау-2022: Салтанат Тұрсынбекова Алматыға барды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сайлаушылармен кездесу үшін Алматыға барды. Бүгін ол тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша алматылықтармен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат кандидаттың штабына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Еске салайық, 26 қазанда кандидат сайлау науқаны аясында аймақтарды аралай бастады. Ол Қарағанды облысына барып, құқық қорғаушылармен кездесті. Кейінірек тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін дағдарыс орталығында әйелдермен сұхбатасуға барды. 27 қазанда құқық қорғаушы Ақмола облысында болып, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің мәселелерін тыңдады, сонымен қатар жергілікті дағдарыс орталығында болды.

Үміткер 31 қазанда Шымкентте тігін фабрикасының 250 жұмысшысымен, қалалық адвокаттар алқасымен кездесті және өзінің «Тұрмыстық зорлық- зомбылықсыз Қазақстан» жобасы арқылы 2017 жылы құрылған отбасын қолдау қызметіне барды. Сонымен қатар, 1 қарашада Түркістан қаласында болып «Белсенді ұзақ өмір» орталығында зейнеткерлермен кездесіп, ҮЕҰ дың кеңсесінде болды.