Сайлау алдында сауалнама жүргізетін ұйымдар қатары толықты

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде сайлауға қатысты сауалнама жүргізетін ұйымдардың жаңа тізімі жарияланды, деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.

Фото: Kazinform

2026 жылғы 22 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына 6 (алты) заңды тұлғалардан тиісті құжаттардың көшірмелері қоса беріліп, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу туралы хабарламалар келіп түсті, атап айтқанда:

  1. «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС — сауал салу әдісі: дауыс беру күні сайлау учаскелерінен шыққан сайлаушылар арасында қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу (exit-poll), сондай-ақ өзге де социологиялық зерттеу түрлері (фокус топтық пікір алысулар, сараптамалық сауал салу, интернет-ресурстар, face-to-face арқылы жаппай сауал салуды жүргізу, экспресс-сауал салу) қолданылады.
  2. «DATAMETRICS» ЖШС — сауал салу әдісі: «face to face» жеке сұхбат әдісімен;
  3. «Қоғамдық саясат институты» жеке меншік мекемесі» — сауал салу әдісі: «face to face» сұхбаты, телефон арқылы сауал салу, интернет-сауал салу, exit-poll;
  4. «Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры ИКСИ «СОЦИС-А» — сауал салу әдісі: дауыс беру үй-жайлары мен учаскелерінен тыс жерлерде «жеке сауалнама» және «үздіксіз ағын» әдістерімен (exit-poll) сауал салу, «face-to face» жеке сұхбат, әлеуметтік желілер мен электрондық тарату құралдарын пайдалана отырып қашықтықтан сауалнама жүргізу;
  5. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ — сауал салу әдісі: «face-to-face» жеке сұхбат әдісімен, телефон арқылы сауал салу, exit-poll, интернет-сауал салуды, интернет-арналарды пайдалану арқылы жаппай сауал салуды жүргізу;
  6. «Демократия Институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» ҚБ — сауал салу әдісі: «face-to-face» сұхбаты, интернет-арналарды пайдалану арқылы жаппай сауал салуды жүргізу әдісімен.

Заңға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар сауалнама нәтижелерін жариялаған кезде зерттеу жүргізген ұйымды, тапсырыс берушіні, сауалнама уақытын, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың нақты тұжырымын, қатысушылар санын және қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.

Сонымен қатар сайлау алдындағы соңғы бес күнде және дауыс беру күні қоғамдық пікір сауалдарының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды жариялауға тыйым салынады.

Сайлау күні дауыс беру орындарында қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге де рұқсат етілмейді. Бұл талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Осыған дейін ОСК сайлау алдында сауалнама жүргізетін 5 ұйымды атаған еді.