Сайлау алдын ала белгіленген жоспарға сай өтеді - ОСК төрағасы Қ.Тұрғанқұлов

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орталық сайлау комиссиясы келесі жылдың 15-ші қаңтарына тағайындалған мәслихат депутаттарының сайлауына кандидаттарды тіркеуді аяқтады.

Нәтижесінде, жергілікті өкілетті органдардың депутаттығына кандидат ретінде тіркеу үшін ұсынылған 10 мыңнан астам азаматтың 9 мың 165-інің кандидатурасы заң талаптарына сай деп табылды. Олардың 1 мың 752-і облыстық және Астана мен Алматы қалалық мәслихатының депутаттығы үшін сайысқа түсетін болса, 5 мың 523 адам аудандық мәслихаттың депутаты лауазымы үшін күреседі. Сондай-ақ 1 мың 890 адам қалалық мәслихат депутатының мандаты үшін бәскеге түседі. Атап айтатын болсақ, мәслихат депутаттығынан кандидаттардың 3 мың 446-ы «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының, 264-і Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының, 99-ы Қазақстанның коммунистік халық партиясының, 50-і Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясының, 57-і «Әділет» демократиялық партиясының, 21-і «Руханият» партиясының, 11-і Қазақстанның патриоттар партиясының, 9-ы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының, 3-і Қазақстанның «Азат» демократиялық партиясының, 1-уі Қазақстанның коммунистік партиясының мүшесі. Бұл азаматтардың барлығы бүгіннен бастап, өздерінің сайлауалды үгіт жұмыстарына кіріседі. Осылайша еліміздегі басты саяси науқанның тағы бір жауапты кезеңі артта қалды.

Осы ретте айта кететін мәселе, бүгінде бүкіл елді дүрліктірген Жаңаөзендегі жағдай 2012 жылға тағайындалған сайлауларды өткізуге ешқандай да ықпалын тигізбейді. Сайлау алдын ала белгіленген жоспарға сай өтеді. Алайда бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов комиссияның кезекті отырысында сайлау науқанында кейбір мәселелер бойынша біршама шектеулер болатындығын атап өтті. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Жаңаөзенде болған жағдайларға байланысты өзінің Жарлығы негізінде сол аймақта төтенше жағдай жариялады. Алайда бұл шара елде сайлау өткізуге тыйым салмайды. «Дегенмен, біз Маңғыстауда орын алған жағдайға байланысты Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Президент Жарлығындағы өзгерістер негізінде кандидаттар мен сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін барлық қажеттіліктерді қолға алып отыр және бұл шаралар адам құқықтары саласындағы еліміз бекіткен келісімдер мен құжаттарға қайшы емес. Себебі ОСК қолға алып отырған шаралар адамның азаматтық және саяси құқықтары жөніндегі халықаралық пакті бекіткен абсолютті құқықтар мен бостандықтарын шектемейді. Тек сайлауалды үгіт жүргізу тәсілдерінің аясын белгілі бір дәрежеде тарылтады»,-деді ОСК төрағасы.

Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздіктер орын алған аймақта үгіт жүргізу нысандары мен әдістерін таңдау шарасы ғана белгілі бір мерзімде шектеледі. Нақтырақ айтқанда, кандидаттар мен олардың жақтастары, Жаңаөзен қаласының маңындағы сайлауалды үгіт жұмыстарын бейбіт жиналыстар мен митингілер, шерулер мен пикеттер, демонстрациялар түрінде жүргізуге тыйым салынады. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт науқаны толық көлемде жүреді. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлаушылармен кездесу үшін бюджеттен бөлінген қаржыны бұқаралық ақпарат құралдарында қосымша үгіт-насихат құралдарын жариялау және баспа өнімдерін шығару үшін жұмсауға рұқсат етті. Ал Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысатын партиялардың үгіт-насихат материалдары, Жаңаөзен қаласының тұрғындарына республикалық және жергілікті теле, радиоарналар мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізіледі. «Біздегі бар мәліметтер бойынша, Жаңаөзен қаласында республикалық Еуразия, «Ел арна», «Қазақстан», «Хабар», облыстық «Ақтау», «Қазақстан», телеарналары мен қазақ радиосы, сондай-ақ кабельді хабар тарту жүйесі жұмыс істеп тұр. Қалалық сайлау комиссиясы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Онда барлық қажетті материалдар мен құжаттар бар. Сайлау науқаны барысын бақылау үшін келген байқаушылар мен сарапшыларға, соның ішінде шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым өкілдеріне жаппай тәртіпсіздік орын алған аймаққа бару жағдайы қамтамасыз етілетін болады»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.

Бұған қоса ОСК төрағасының мәлімдеуінше, шетелдіктер мен халықаралық ұйымның өкілдері мен сайлау барысы мен сайлау органдарының жұмысы, барлық сайлау процесіне қатысушылардың қызметі туралы ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова еліміздегі Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын байқау мақсатында елде тіркелген байқаушылар саны 61 адамды құрап отырғанын айтты. Олардың арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының миссиясынан келген байқаушылар 46-ны, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымынан келгендер саны 11-ді құрайды. Сондай-ақ 4 байқаушы шет мемлекеттерден келген.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында осы аптаның соңына дейін сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне жеткізілетіндігі мәлім болды. Бұдан соң учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылар тізімін тексере бастайды.