«Сайлау науқаны барысында бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Өйткені, ең бастысы сайлауда халық билікке келетін адамдарды таңдап, сайлайды. Ал билікке ең лайықты адамдар келуі шарт. Сондықтан да, билікке кәсіби тұлғаларды сайлау үшін БАҚ ерекше ықпал жасайды», - деді М. Башимов.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада да кандидаттар үшін толық әрі сенімді ақпараттар беру туралы норма қамтылған. Ал Хартияда бұған «әділ және әділетті» деген нормалар да қоса ұсынылып отыр.
«Хартияда журналистердің кәсіби этика нормалары мен мінез-құлық ережелерін бұлжытпай орындауы керектігі де қамтылды. Осы арқылы журналистер қауымы қоғамға, жалпы халыққа кандидаттар арасынан лайықты тұлғаларды таңдауға көмектесе алады деп сенемін», - деді М. Башимов.
Айта кетейік, Хартияның негізгі мақсаты - қазақстандықтарды сайлау науқаны барысынан, сонымен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттығына кандидаттардың қызметтері туралы БАҚ-та шынайы әділ, толық және сенімді ақпараттармен қамтамасыз ету. Хартияда БАҚ Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттығына тіркелген барлық кандидаттардың, олардың саяси көзқарастарына қарамастан, өздеріне теңдей мүмкіндікке ие болуына ықпал ете алатыны және солай етуге тиістілігі жазылған.