Сайлау ашық, демократиялық тұрғыда өтті және азаматтардың өз еркін білдіру құқығы қамтамасыз етілді деп толық негізде мәлімдеймін-ТМД Атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедев

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД Атқару комитетінің төрағасы Сергей Лебедевті қабылдады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Атқару комитетінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Достастық елдерінің миссиясы бақылаушылары жұмысының қорытындысы туралы хабардар етті. Миссия құрамына ТМД-ның 9 елінен 426 адам енген.

- Жалпы, бізде президенттік сайлауға дайындық және өткізу барысы туралы өте жағымды пікір қалыптасты. Орталық сайлау комиссиясынан бастап, учаскелік сайлау комиссиясына дейін барлық деңгейде жоғары ұйымдастырушылық атап өтілді. Байқаушылар үшін барлық жағдай жасалған, қажетті қолдау көрсетілді және материалдарға қолжетімділікке ие болдық.

Сайлау ашық, демократиялық тұрғыда өтті және азаматтардың өз еркін білдіру құқығы қамтамасыз етілді деп толық негізде мәлімдеймін, - деп атап өтті С.Лебедев журналистерге арналған брифинг барысында.