Сайлау ашық, оның қорытындыларына күдіктенбейтіндей жағдайда өтті - ҮЕҰ

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Сайлау ашық, оның қорытындыларына күдіктенбейтіндей жағдайда өтті.

3 сәуір күні елімізде өтке ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссия» Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері осындай мәлімдеме жасады.

Қоғамдық ұйым бүкіл ел бойынша 5,8 мыңға тарта ерікті-бақылаушыларды жұмылдырған. Олар сайлау учаскелерінің 60 пайызын бақылады. «Біз бақылаған сайлау учаскелерінде дауыс берушілердің саны жоғары болды. Шамамен 91,3 пайызды құрады. ҚР Президентіне сайлаушылардың 94,9 пайызы дауыс берді»,-деді ұйым мүшесі Нұрлан Ерімбетов.

«Жалпы алғанда сайлау Қазақстан заңнамасының талаптарына және жалпы мойындалған демократиялық стандарттарға сәйкес өтті. Бұл өткен сайлауды заңды және ашық деп тануға мүмкіндік береді»,-деп атап көрсетті ол.

«3 сәуірде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы Қазақстан халқының демократиялық ұстанымдар қағидаттарына ұмтылысын, қоғамның ұйысуы мен ұлттық бірліктің жаңа деңгейге көтеріліп, азаматтардың электоралды және құқықтық мәдениетінің өскендігін көрсетті. Бұны қоғамдық комиссияның алдын ала анықтаған дерегіне сәйкес, жалпы сайлаушылардың 91,3 пайызы дауыс бергендігі дәлелдейді»,-деп мәлім етті ұйым мүшелері өздерінің үндеулерінде.

Осылайша олар енді барлық мүдделі тараптарды сайлау қорытындысын дәлелді және әділ бағалауға, негізсіз, популистік айыптаулар мен мәлімдемелер жасамауға шақыруда. Осыдан бір ай бұрын, сайлау алдында құрылған ұйымға еліміздің С. Елубай, М. Әуезов, Н. Ерімбетов және басқа да танымал қайраткерлер кіріп отыр. Олар өздерінің бірлестіктерін бұдан әрі де кеңейтіп, елдегі саяси бастамаларға қатысып отыратындықтарын айтты.