Оның айтуынша, сайлау аясында 10 қаңтарда бас санитар дәрігердің қаулысы жарияланады.
Қазіргі уақытта оның форматы талқыланып жатыр. Соның қорытындысы бойынша шаралардың негізгі үш санаты қабылданады.
«Алғашқы санат сайлауды ұйымдастыру ісіне бағытталған. Екіншісі – сайлаушыларға қойылған талаптар. Үшіншісі – сайлау күні сайлау учаскесінде күні бойы болатын адамдарға қатысты талаптар. Нысанға қатысты талаптар, байланыссыз термометрия, адамдар ағымын реттеу, әлеуметтік аралық, міндетті маскалық режим мен санитайзерлерді пайдалану секілді ережелер есепке алынады. Сайлаушыларға қойылатын талаптар – бүкіл азаматтарға қойылатын сол бұрынғы талаптар болып қала береді. Атап айтқанда, міндетті түрде маска кию, антисептик себуді ұмытпау, әлеуметтік арақашықтықты сақтау талаптары», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар сайлау учаскесінде болатын адамдарға қойылатын нақты талаптар бар. Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл адамдар коронавирус тестінен өтуге тиіс.
«Қазіргі таңда елде эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығын есепке ала отырып, өңірлер бірде «сары», бірде «қызыл» аймақта тұрғанын көріп отырмыз. Бұл дегеніңіз ахуалдың тұрақсыздығын айғақтай түседі. Сол себепті сайлау учаскесінде болатын азаматтардың бәрін де міндетті тестілеуден өткізу мәселесі көтерілуде. Сонымен қатар тест аймақтың қызыл немесе сары аймақта тұрғанына қарамастан өткізіледі. Қазіргі таңда біз эпидахуал матрицасын аймақтар тұрғысында ғана емес, аудандар тұрғысында да сала бастадық. 25 желтоқсаннан бастап сайлау күніне дейін байқаушылар мен сенімді өкілдер ПТР-тесттің теріс нәтижесін көрсетуі керек», - деді Айжан Есмағамбетова.
Айжан Есмағамбетова сайлау учаскесіндегі азаматтар тестіден тегін өте алатынын мәлім етті.