Сайлау экономикалық тұрғыда да, саяси тұрғыда да пайда әкеледі - Л. Құсайынова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейлердегі депутаттарын кезектен тыс сайлауын өткізу экономикалық тұрғыда да, саяси тұрғыда да пайда әкеледі, деп есептейді Қазақстан xалқы Ассамблеясының Астана қаласындағы хатшылығының басшысы Ләззат Құсайынова.

«ҚХА атынан сайланатын Мәжіліс депутаттары Ассамблея Кеңесімен ұсынылады, бұл оның құзырында. Ал дауысты ҚХА мүшелері береді. Осыған байланысты ҚХА-ның 24-сессиясы өтетіндігі жөнінде xабарланды. Соның қарсаңында дауыс беру болады. Сессия барысында ҚХА атынан сайланатын тұлғалар жарияланады», - деді ол ҚХА Астана қаласындағы ғылыми-сарапшылық тобының отырысында.

Оның ойынша, сайлау өткізу жөніндегі шешім саяси және экономикалық тұрғыда өзін ақтайтын болады.

«Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы ҚР Президентінің Жарлығы біздің елде ең басты басымдық - тұрақтылық, келісім және әлемде орын алып жатқан қиыншылықтарды еңсеру екендігін көрсетті. Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ, дегенмен ол саяси тұрғыда да, экономикалық тұрғыда да пайда әкелуге бағытталды», - деді Л. Құсайынова.

«Меніңше, электоралды үдеріс тыныш және қажетті режимде өтеді. Бұл оқиға биылғы жылдың атаулы саяси оқиға ретінде ғана есте қалмайды, сонымен қатар біз күткен жетістіктерге алып келеді», - дейді ол.