Сайлау қалыпты өтуде, халықтың белсенділігі жоғары - №117 сайлау учаскесінің төрайымы Р. Бөлекбаева

АЛМАТЫ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы қаласы Әуезов ауданы №117 сайлау учаскесінде  сайлау қалыпты өтуде.

Аудан тұрғындарының да, ел іргесін ұстар жастардың да  белсенділігі жоғары. Бұл туралы №117 сайлау учаскесінің төрайымы Райхан Бөлекбаева мәлім етті.

 "Біздің учаске де таңғы 07:00-ден бастап, өз жұмысын бастады. Сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Олардың дауыс беру барысын тәуелсіз байқаушылар жіті бақылауда.  Біздің сайлау учаскесі бойынша барлығы 2183 сайлаушы бар. Оның ішінде үшеуі іссапарларына байланысты  келе алмайтындығы туралы арыз беріп кетті, 11-і  денсаулығына байланысты үйде дауыс береді, жазылған арыздары бар. Таңертеңнен әрбір келген сайлаушыларымыз өзінің қалаған кандидаттарына дауыс беріп жатыр.  Осы сағатта сайлаушылардың 150-і келіп, дауыс беріп кетті. Сайлау учаскесі тыныш, өте жақсы жағдайда өтіп жатыр. Халық көңілді, халыққа ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ",-деді  ол.

"Сайлауға келу әрбір азаматтың азаматтық борышы болуы керек деп санаймын.  Сондықтан да бүгінгі сайлауға келіп,  дауысымды бердім. Біз үшін ең бастысы,  халық жақсы өмір сүріп, еліміз аман, жұртымыздың тыныш болуы ",-дейді аудан тұрғыны Қанат Нұрғазиев.

 Естеріңізге сала кетсек, Алматыда 472 учаскелік, 37 округтік, 7 аймақтық сайлау комисиясы бар. Қала бойынша сайлаушылардың жалпы саны  960 мыңдай. Әрбір учаскеде шамамен 1,5-2,5 мың адам дауыс береді.