Сайлау қалыпты жағдайда өтіп жатыр - Нұрлан Өтешев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев БАҚ өкілдеріне елдегі сайлау барысы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқаушыларымыз ең біріншіден сайлаушылардың санының көбейіп жатқанын жеткізіп жатыр. Ол енді түсінікті. Түс ауып барады. Түскі сағат 12.00-дегі жағдай бойынша сайлаушы халықтың 30 пайызға жуығы сайлауға қатысқаны туралы мәлімет тарағаны белгілі. Екіншіден, бірнеше аумақта, оның ішінде Алматы, Шымкент қаласы мен ШҚО-да бірқатар байқаушының өз телефондарымен әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шыққаны анықталып отыр. Ол да Орталық сайлау комиссиясының ережелеріне қайшы», - деді Нұрлан Өтешев Сайлауды бейпартиялық байқау орталығында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының мәліметіне сәйкес, қазір елде айтарлықтай бұзушылықтар тіркеліп жатқан жоқ.

«Халықтың арасында жеке куәлігін үйінде ұмытып кетіп, сайлау учаскесіне кіргісі келіп жатқандар бар. Болмаса бір учаскеде құжаттарды алып, басқасына кіріп жатқандар бар. Ондай жағдайлар сайлау процесіне аса қатты әсер етпейді деген ойдамыз. Сайлау біткеннен кейін біз де есеп беріп, оны жария етеміз», - деді ол.