Сайлау қарсаңында 8 заңбұзушылық анықталды: Бас прокуратура үндеу жасады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ерлан Өтегенов қазақстандықтарға үндеу жасап, сайлау кезінде қандай әрекеттерге тыйым салынатынын ескертті.

Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Конституциялық өкілеттіктер шеңберінде прокуратура органдары Құрылтай депутаттарын сайлаудың барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыруды жалғастырып келеді.

Сайлау қарсаңында 8 заңбұзушылық тіркелді

Ерлан Өтегеновтің сөзінше, бүгінгі таңда прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 8 фактісін тіркеді, оның ішінде 3 факт — сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуға және 5 факт — тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге байланысты.

Фото: Kazinform

— Әкімшілік жауаптылыққа прокурорлар қысқартылған тәртіппен жеті жеке тұлғаны және бір заңды тұлғаны тартты. Олардың барлығы кінәсін мойындады, әрекеттеріне өкінді және онлайн-платформалардағы заңсыз жарияланымдарын жойды, — деді ол.

22 және 23 тамызда сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады

Бас прокурордың орынбасары ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгіт 2026 жылғы 22 тамызда, сағат 00:00–де аяқталатынын еске салды. 

Фото: ҚР ОСК

— ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 32-бабы 1-тармағына сәйкес дауыс беру күні және оның алдындағы күнi, яғни 2026 жылғы 22 және 23 тамызда кез келген сайлау алдындағы үгiтке тыйым салынады.  Осыған байланысты сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады. Сол сияқты интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бұл ретте, бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Сондай-ақ толтырылған бюллетеньді фото- және (немесе) бейнетүсірілімге түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады, — деп ескертті ведомство басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, осы құқықтық шектеулер сақталмаған жағдайда үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде оны жүргізгені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Атап айтқанда жеке тұлғаларға — 15, шығын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.

Сауалнама, бейбіт жиын және жалған ақпаратқа қатысты талаптар күшейтіледі

Сайлау туралы заңға сәйкес дауыс беру күніне дейінгі бес күнде және сайлау күні БАҚ пен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысының болжамдарын және кандидаттар мен саяси партияларға қатысты басқа да зерттеу нәтижелерін жариялауға болмайды.

Фото: Kazinform

— Сондай-ақ сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауал салуға тыйым салынады. Көрсетілген құқықтық талаптарды бұзу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (жеке тұлғаларға — 10, заңды тұлғаларға — 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл), — дейді Ерлан Өтегенов.

Сонымен қатар ҚР «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңының ережелерін қатаң сақтау қажет, оған сәйкес жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі көзделген.

— Жоғарыда көрсетілген белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастырғаны және оларға қатысқаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша айтарлықтай мерзімге қамаққа алуға дейінгі жаза көзделген. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен ұштасса, қылмыстық жауаптылық туындайды (ҚК-нің 400-бабы), — деп ескертті бас прокурордың орынбасары.

Ерлан Өтегенов масс-медиада жалған мәліметтер мен құқыққа қайшы контенттің таратылуына ерекше назар аударды. Оның сөзінше, ол үшін қауіптілік дәрежесіне және келтірілген зиянға қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық та, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жаза да көзделген.

ҚР Бас прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында сайлау процесінің барлық қатысушысын аталған заң талаптарын сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.

Бұдан бұрын Құрылтай сайлауы күні 16 сағаттық жалпыұлттық online-марафон өтетінін жазғанбыз.