Сайлау науқаны қарсаңында әлеуметтік желілерде қолданушылардан кімге дауыс беруді жоспарлайтынын, қай партияға сенім білдіретінін немесе елдегі саяси ахуалға қатысты пікірін сұрайтын анонимді сауалнамалар тарала бастады.
Алғашқы қарағанда мұндай сауалнамалар қоғамдық пікірді зерттеудің қарапайым құралы сияқты көрінуі мүмкін. Алайда іс жүзінде олардың басым бөлігі қоғамдық пікірді анықтауға емес, оны қалыптастыруға бағытталады.
— Мұндай жарияланымдардың негізгі мақсаты — белгілі бір көзқарасты қоғамның басым бөлігі қолдап отырғандай әсер қалыптастыру. Бұл үшін боттар желісі, тролльдер фабрикалары немесе онлайн-сауалнамалардағы дауыстарды жасанды түрде көбейтуге мүмкіндік беретін «астротурфинг» сервистері пайдаланылуы мүмкін. Нәтижесінде кез келген адам қажетті нәтижені іс жүзінде «сатып алып», оны көпшіліктің шынайы пікірі ретінде көрсете алады. Бұл — адамның көпшілік ұстанған көзқарасқа бейім тұратын белгілі психологиялық тәсіл. Сондықтан манипуляторлар қоғамның шынайы пікірін білуге емес, алдымен «көпшілік қолдап отыр» деген иллюзияны жасап, кейін соны қоғамдық көңіл-күйдің «дәлелі» ретінде ұсынуға тырысады, — деп түсіндірді орталық мамандары.
Сонымен қатар мұндай сауалнамаларды ұйымдастырушылар олардың нәтижесінің шынайылығына ешқандай жауап бермейді. Олар дауыс беруге нақты кімнің қатысқанын, бір пайдаланушының қанша рет дауыс бергенін, нәтижелердің қолдан бұрмаланғанын, іріктеудің қандай қағидатпен жүргізілгенін немесе алынған деректердің азаматтардың нақты пікірін қаншалықты көрсететінін дәлелдей алмайды. Сол себепті де сайлау кезеңінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасымен қатаң реттеледі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабының 9-тармағына сәйкес, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге әлеуметтік зерттеулер саласында кемінде 5 жыл тәжірибесі бар және бұл туралы Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясын алдын ала хабардар еткен заңды тұлғалар ғана құқылы.
2026 жылғы 22 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу туралы, тиісті құжаттардың көшірмелері қоса ұсынылған, 6 заңды тұлғадан хабарлама келіп түскен. Олар:
1. «Еуразиялық интеграция институты» ЖШС
2. «DATAmetrics» ЖШС
3. «Қоғамдық саясат институты» жеке мекемесі
4. «Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты — Астана» ЖҚ («СОЦИС-А» ИКСИ ҚҚ)
5. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ
6. «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» ҚБ.
Аталған ұйымдар ғылыми негізделген зерттеу әдістерін қолданады, зерттеу әдіснамасын, іріктеу көлемін, статистикалық қателік шегін жариялайды және ұсынылған деректердің дұрыстығына жауап береді.
— ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабына сәйкес, сайлау заңнамасының талаптарын бұза отырып қоғамдық пікірге сауалнама жүргізгені, сондай-ақ оның нәтижелерін міндетті мәліметтерсіз немесе заңда белгіленген талаптарды бұза отырып жариялағаны үшін жауаптылық көзделген. Егер әлеуметтік желілерде көпшіліктің пікірі ретінде ұсынылған анонимді сауалнамаларды көрсеңіз, олардың нәтижесіне сыни тұрғыдан қараңыз. Шынайы әлеуметтанулық зерттеу дауыстар санымен емес, ғылыми әдіснамаға, ашықтыққа және тексерілетін деректерге негізделеді. Ал онлайн-сауалнамалардағы нәтижелерді санаулы минуттың ішінде жасанды түрде өзгертуге болады, — деп ескертті Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.
Осыдан бұрын Құрылтай сайлауы алдында жалған аккаунттар мен фейк ақпарат көбейгенін жазғанбыз.