Сайлау қоғамның саяси өмірге қатысы бар екенін сезіндіреді - Түркіменстан байқаушысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау қоғамның саяси өмірге қатысы бар екенін сезіндіреді. Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен кездескен Түркіменстан Сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Гулмурад Мурадов осылай деді.

«Біздер уақыт сынынан өткен қоңсылас көрші, тату-тәтті дос елдерміз. Біз Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін, алға басқан сенімді қадамын мақтан тұтамыз», - деді Г.Мурадов.

Сонымен қатар ол Қазақстан тарабына кезектен тыс президенттік сайлауға халықаралық байқаушы ретінде қатысуға шақырту жібергені үшін ризашылығын білдірді.

«Сайлау қоғамның саяси өмірге қатысы бар екендігін жете сезіндіреді. Кез келген мемлекетте сайлау өткізу елдің дамуы үшін, заманауи демократиялық мемлекеттің негізін қалау үшін зор мәнге ие», - деді ол.

Өз кезегінде Қ.Тұрғанқұлов Орталық сайлау комиссиясының президенттік сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі қызметімен таныстырды. Түркіменстан тарабының сайлауға қатысты сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді.