Сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға құқығы бар. Ол үшін жазбаша өтініш беріп, жеке басын куәландыратын құжатты ұсыну жеткілікті. Есептен шығару куәлігі 22 тамыз күні сағат 18:00–ге дейін беріледі.
— Есептен шығару куәлігін жеке өзіңіз, сондай-ақ сенімхат бойынша өкіл арқылы алуға болады. Сенімхатты нотариалдық куәландыру талап етілмейді. Сайлаушы болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады. Учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушыны сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді, — деп түсіндірді Орталық сайлау комиссиясы.
ОСК есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда қалпына келтірілмейтінін және оның телнұсқасы берілмейтінін ескертті.
— Бір елді мекен шегінде басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігі берілмейді, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Қостанай облысында 716 сайлау учаскесі дауыс беруге дайын екенін жазғанбыз.