Сайлау нәтижесі қазақ халқының пікірін паш ететін болады - Әзербайжан ОСК хатшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Микаил Рагимовпен кездесті.

«Біз Астанада өтетін сайлау процесін байқаймыз. Мұнан бөлек, Әзербайжаннан келетін тағы бір топ сайлау күнінде Алматыда болады. Жалпы, Қазақстанмен, ҚР Орталық сайлау комиссиясымен біздердің арамызда өте жақсы байланыс орнаған», - деді ол кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол Қазақстанда өтетін барлық сайлау процесіне қатысатындықтарын, қазақстандықтардың да Әзербайжанда өтетін сайлауларға тұрақты атсалысатындығын баса айтты.

«ҚР Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесінде ұйымшылдықпен жұмыс істейді. Меніңше, ҚР ОСК-нің жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі жақсы нәтиже береді. Ал сайлау процесінің нәтижесі қазақ халқының пікірін паш ететін болады», - деді М.Рагимов.