Сайлау нәтижесі референдумның бекерден туындамағанын айғақтайды

АНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Еліміз үшін ағымдағы жылдың ең маңызды саяси оқиғасы 3 сәуірде өз мәресіне жетті. Күні кеше өткен саяси дода - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында халық өз таңдауын жасады.

Сөйтіп Барыс жылы басталысымен шығыс өңірінен бастау алып, қоғамдағы қызу пікірталасқа арқау болған «референдум мәселесіне» соңғы нүкте сайлау арқылы қойылды. Бұл сайлау Елбасы өкілеттігін референдум арқылы ұзарту жөніндегі бастаманың бекерден туындамағанын айғақтап берді.

Кеше, 5 сәуір күні ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайлаудың ресми қорытындысын шығарып, 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысын жинап, жеңіске жеткенін жариялады. Ресми мәліметтер бойынша сайлауға 8 миллион 279 мың 676 сайлаушы қатысқан. Бұл дауыс беруге құқы бар азаматтардың 89, 99 пайызы. Таңдау жасаған сайлаушылардың 7 млн. 850 мың 958-і Нұрсұлтан Назарбаевты жақтап, дауыс берген. Ал Президент лауазымына таласқан Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбековті сайлаушылардың 1,36 пайызы немесе 111 мың 924 адам, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовті - 1,15 пайызы немесе 94 мың 452 адам, ал Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы, Сенат депутаты Ғани Қасымовты- 1,94 пайызы немесе 159 мың 036 адам жақтаған.

ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елімізде сайлаушылардың тізіміне 9 миллион 200 мың 298 адам енгізілген. Сайлаушылар республикадағы 9 мың 725 сайлау учаскелерінде дауыс берді. Сонымен қатар тысқары жерлердегі еліміздің азаматтары Қазақстанның шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан құрылған сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасады. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 1059 шетелдік және халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен Сыртқы істер министрлігінде тіркелген 200-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылады.

Сөйтіп, Президенттің өз сөзімен айтқанда «Қазақстан халқы тағы бір тарихи белесті аттап отыр». Әуелден-ақ сәуегей саясаткерлер Іс-басындағы Президенттің тұғыры биік екендігін айтып, тіпті электорат дауысының бөлінер мөлшерлерін де кесіп-пішіп еді. Түпкі нәтиже сол болжағыштар айтқан төңіректен алыстаған жоқ. Сондықтан да «дүйім жұрт алдында Қазақстан халқы бірлігін сақтай алатын ел екендігін көрсетті, өз болашақтарын бетбұрған ел белсенділік танытты» деген пікірлер «сырт көз сыншы» аталатын тараптан шыққан-ды. Бұндай пікірлерге сәл кейінірек ораламыз, әзірше сайлаудың қалай өткеніне тоқталсақ

Ың-шыңсыз сайлау!

3 сәуірде таңсәріден дауыс беру учаскелерінің есігі айқара ашылып, әркім өз жұмысына кіріскенде шетелдік байқаушылар да сырттан бақылайтын миссиясына мінген еді. Сайлау күні мейрам күні секілді белсенділіктің болғанын ең алғаш мойындағандар да сол шеттен бақылағандар болды. Баспасөз мәслихаттарында науқанның ұйымдастыру деңгейінің жоғарылығына, кемшіліктің төмендігіне де назар аудартты шетелдік байқаушылар. Олардың біразы сол күні сағат 11-ден бастап БАҚ өкілдерімен кез­десіп, сайлау барысы туралы алғашқы пікірлерімен бөліссе, негізгі бөлігі өздерінде бекітілген ережеге сәйкес, ертесінде, яғни 4 сәуір күні бақылау қорытынды­ларын жарыса жариялады. Шетелдік бай­қау­шылардың басым бөлігі сайлаудың әділ, ашық әрі халықаратық талаптар мен ұлттық заңнамаға сай өткендігін мәлімдеді. Ал сағат сайын сайлаушылар санын қайта-қайта жаңғыртып, жаңа мәліметтер ұсынған Орталық сайлау комиссиясы күні бойғы шараны қорытындылап, алдын ала мәліметтерін түнге қарата жариялағанда белсенділіктің жоғары көрсеткішке ие болғанын ұқтырған болатын.

Сайлау күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №182-ші сайлау учаскесіне жұбайы, елі­міз­дің бірінші ханымы Сара Назарбаевамен бірге келіп, дауыс берді. Бұнда да азаматтар ұзын-сонар кезекте тұрып, дауыс беріп жатты. Тіпті, ТМД миссиясымен келген көршілес елдердің халықаралық байқаушылары әлгіндей кезекке тұрып дауыс беруді Кеңес одағы кезіндегі уақыттан бері көрмегендерін айтып, «қазақтарға ризашылықпен қарайтынын» жеткізген-ді. Тоқтала кететін жайт, сол күні дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілде­рімен болған брифингте Н.На­зарбаев Қа­зақстанның тағы бір тарихи сәтті басы­нан өткеріп отырғандығын атап көрсетті. «Біз өз болашағымызды таңдау үстіндеміз. Бүкіл әлемнің назары Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға ауып отыр. Тә­уел­сіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған Қазақстандағы осы сайлаудың тарихи мәні өте жоғары. Біз бұған дейін де көп жұмыс атқардық. Алайда алды­мыз­да одан да маңызды шаралар күтіп тұр. Ендігі күні қоғам мен мемлекетімізді жаңғырту мақ­сатында ауқымды жұмыстар атқарыл­мақ», - деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы кезектен тыс сайлаудың ерекшелі­гіне тоқтала отырып, кандидат­тарға теңдей мүмкіндік жасалғанын, олар­дың БАҚ-та өз ұстанымдарын халыққа жеткізу үшін барынша жағдайлар қамтыл­ғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстанның қоғамға ашық екендігін, бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы 1059 байқаушыны, 200-ден астам шетелдік журналистерді тіркегенін айтты. «Мінеки, осындай ашық әрі заңды атмосферада елімізде ашық сайлау өтіп жатыр. Бүгін барлық қазақстандықтар дауыс беруге отбасыларымен, ұжымдары­мен, топ-тобымен келуде. Мен осындай белсенділік үшін ризамын. Барлығымыз бірге біздің қоғамның тұрақтылығы үшін, көпұлтты еліміздің достығы үшін, болаша­ғымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін, әлеуметтік жаңғыру үшін, біздің азамат­тарымыздың жақсарып келе жатқан әл-ауқаты үшін, біздің ортақ үйіміз - Қа­зақстан Республикасы үшін дауыс береміз», - деп түйіндеген болатын өз сөзін Прези­дент.

Ал сәуірдің 3-інен 4-іне ауған түні «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратындағы сайлауалды штабына келген Мемлекет басшысы дәл сол жерде өзінің мыңдаған жақтастарымен бірге «Хабар» телеарнасының жаңалықтары арқылы ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайлауға қатысушылар белсенділігі туралы алдын ала мәліметтермен, сондай ақ Exit-poll-дың соңғы мәліметтерімен танысты. Сай­лау­шыларды учаске алдынан торуылдап, кімге дауыс бергендігі туралы мәліметтерді жинайтын, сөйтіп, жедел ақпаратты қам­титын Exit-poll мәліметтері бұл жолы да ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айқын жеңіске жеткендігін көрсеткен еді. Мәселен, ҚР Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауым­дас­тығының жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша, 3 сәуір күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 94,82 пайызы дауыс­тарын берген. Қалған кандидаттар бойын­ша нәтижелер мынадай болған: Ғани Қасымовты сайлаушылардың 2,17 па­йы­зы, Жамбыл Ахметбековті 1,57 пайызы, Мэлс Елеусізовті 1,44 пайызы жақтаған.

Ал «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығының сауалнамасы бойынша респонденттердің 95,1 пайызы дауыстарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа беріпті. Сарапшылардың болжауынша, мұндай сауалнама барысын­дағы қателесу деңгейі шашамен -0,44 пайызды құрайтынын да еске сала кеткен жөн.

Сонымен, алдын ала мәліметтерді өзінің сайлауалды штабында, мыңдаған жақ­тастарымен, өңірлердегі штаб мү­шелерімен телекөпір арқылы естіп, таныс­қан Елбасы Н.Назарбаев ыстық ықылас пен зор қошеметке ие болды. Телекөпір арқылы байланысқа шыққан өңірлік штаб­тар Елбасы Н.Назарбаевты кезекті жеңі­сімен құттықтап жатты. Сосын Президент сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынған партиялық әріптестеріне, барлық өңірдегі штаб мүшелеріне, «Қазақстан - 2020» Жал­­пыұлттық демократиялық күштер коа­ли­ция­сына, аймақтардағы 29 мың сенімді өкі­лі мен 80 мыңнан астам ерікті жақтас­тарына, сондай-ақ сайлауға қатысып дауыс берген барша қазақстандықтарға алғысын айтты. «Қадірлі отандастар! Міне­кей, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы тағы бір өте үлкен тарихи белес - Прези­дент сайлауы өз мәресіне жетті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, қазақстандық­тар, біздің аза­мат­тарымыз менің жүргізіп отырған сая­сатым­ды, әр күні аптаға, әр аптасы жыл­ға баланатын өткен 20 жыл бойы істе­ген шарала­рымызды мақұлдап, сайлауға қаты­су арқылы болашаққа жоспарлаған бар­лық бағдарламамызға сенім білдіріп отыр. Ел басқаратын адамға, мемлекеттің Пре­зи­ден­тіне мұндай халықтың кең қол­дауы­нан, теңдессіз сенімділік білдіруінен артық қандай марапат керек?! Сондықтан да маған сенімін артқан халқымнан айна­ла­­йын!» - деді үлкен ризашылықпен Н.На­зарбаев.

Сонымен қатар Н.Назарбаев алдын ала мәліметтерге сүйене отырып, қа­зақ­стан­дықтардың басым бөлігі кезекті рет реформаны жақтағанын, қалың көпшіліктің қоғамды жаңғырту жолын таңдағанын, азаматтарымыз өздерінің ахуалын одан сайын жақсарту бағытын қолдағанын атап өтті. «Сайлауда дәл сайлау күні емес, одан бұрын жасаған істерің жеңіске жетелейді. Ендеше, біздің өткен 20 жылда жүзеге асырған ауқымды жұмыстарымыз бекер болмапты. Бұл жолғы сайлау өзіміз сол кездері таңдаған бағыттағы атқарылған ісіміздің берілген бағасы, сынағы болды», - деген Елбасы өзінің сенімді өкілдеріне, әсіресе өзін жақтауда белсенділік танытқан жастарға тағы бір мәрте ризашылығын білдірді. Президенттiкке үміткер болған басқа да кандидаттарға алғысын айтып, олардың көтерген ұсыныстарына назар аудару қажеттігін еске салды. «Біздің барлық жетістіктеріміз - бірліктің нәтижесі. Көпұлтты Қазақстанның татулығының жемісі. Біздің мемлекеттік саясаттың ең басты бағыты - қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту. Менің Қазақстан халқына Жол­дауым мен еліміздің 2020 жылға де­йін­гі стратегиялық даму жоспарында көрсетілген міндеттер мен соған байланысты қа­былданған бағдарламаларды жүзеге асы­руға қарқынмен кірісуіміз керек. Мен сіздерді, қымбатты тұрғыластарым, сайла­уал­­ды науқаны кезінде қалай тиімді, сауатты әрі бекем қимылдасаңыздар, осы жұмыста да солай әрекет етуге шақыра­мын», - деді сайлауал­ды штабында өз жақтастарына арнап сөйлеген сөзін қорытындылаған Елбасы Н.Назарбаев.

Сайлау - елді біріктірді, біртұтастықты танытты

Exit-poll-дың мәліметтері мен Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындылары жарияланып, жұрт белсенділігі танылғаннан-ақ Елбасының жеңісі белгілі болған-ды. Сондықтан болар, сайлаудың ертесінде Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың қатысуымен Астанадағы "Қазақстан" спорт сарайында «Елбасымен бірге, алға!» атты жеңімпаздар форум ұйымдастырылды. Республика өңірлерінен келген қоғам, мәдениет қайрат­кер­лері, еліміздің белгілі тұлғалары, саясаткерлер, Президенттің сенімді өкілдері, сондай-ақ сайлауалды штабтарының мүшелері мен еріктілері және Елбасын қол­даушы жастар қатысқан дүбірлі жиынды да Президент Н. Назарбаев сөз сөйлеп ашқан еді. «Қазақстан халқы өзінің болашағына не­гіз­делген ел ішіндегі бірлікті сақтайтынын, өрке­ниет­ті мемлекет екенін дүниежүзіне тағы да бір дә­лел­деп көрсетті. Тәуелсіздігіміздің 20 жылды­ғы қар­са­ңында үлкен сайлау өткізіп, төрткіл дү­ниенің наза­рын Қазақстанға ау­дардық. Ашық әрі нағыз әділ болған сай­лаудың нәти­жесінде, жа­ңа хабарлаған мәлі­­мет бойынша, Қазақстан сай­лаушы­ларының 90 пайыздан астамы мені қол­дап дауыс берді. Бұл жеңіс - баршамыздың же­ңі­сіміз, бұл жеңіс - Қазақ­стан халқының жеңі­сі», - деді Елбасы форум бары­сында сөйле­ген сөзінде.

Сонымен қатар Президент Н.Назар­ба­ев өзіне халықтың жүктеген мандатын алға ме­желенген еліміздің индустрия­лық-инно­вация­лық бағдарламасын жүзеге асыруға, қоғамды әлеуметтік жаңғыртуға, ауыл шаруашылығын, бі­лім саласы мен денсаулық сақтау саласын кө­теруге және еліміздегі аза­маттарға көмек көрсе­туге пайда­ланатынын жеткізді. Биылғы жылы айқын­далған бағдарламаға тоқталған Елбасы жұмыссыздықпен күрес мәселе­сіне көңіл бөліп, жаңа индус­трия­лық кәсіпорындардың жұ­мыс істеулері үшін жастарды оқыту мәселелеріне де маңыз беретінін жет­кізді. Осы бағдарды еңсергенде азаматтарды мүлдем басқа сапа, мүлдем басқа жұмыс күтетінін, ендеше, алда басқа өмір болатынын атап өтті. Мем­лекет жастардың ең үздік білім алуы үшін барлық жағдай­ды жа­сап жатқанын, алдыңғы тол­қынға ондай білім алу арман болғандығын да атап көрсетті. «Штабтардың әрбір ауылда, әрбір ауданда, әрбір қалада жұ­мыс істегенін білемін. Осы сайлау­да жеңіске жетуіме көмек­тес­кендердің бар­лығына үлкен рақметімді айтамын. Бұл мені көп нәрсеге міндеттейді. Сайлаушылардың 90 па­йыз­дайының сайлауға қатысуы және 90 па­йыздан астамының мені қолда­ғандары батыс елдері үшін - сенсация. Әдетте Президент сай­лауы халықты, ел­ді әртүрлі партиялық блоктарға бөлетін болса, біз біріге алатынымызды көрсеттік. Әлемнің әр түкпірінде қантөгістер, ұлттар арасындағы жан­жал­дар болып жатыр. Біз, Қазақ­станның барлық ұлттары мен ұлыстары, барлық діндері біртұтаспыз. Кейбір елдерде жұмыс орындары қыс­қартылып, зауыттар тоқтатылуда, ал біз зауыттар­ды тұрғызып, жа­ңа жұ­мыс орындарын құрудамыз. Кей­бір ел­дер­де зейнетақылар қыс­қартылып жатса, біз оны ұл­ғай­тудамыз. Кейбір елдерде айлық жалақы қыс­қартылуда, біз оны ұлғайтудамыз. Біздің буынның пеше­не­сіне Қазақстан елін өркениетті мем­ле­кеттермен те­ре­зесін тең ету міндеті жүктелді. Тәуелсіздіктің 20 жы­лы ішінде еліміздің эко­номикасы түзеліп, халық­тың әл-ауқатын жақсарту белестерін өткердік. Алай­да алда талай асулар бар. Сондай асуларды ба­­ғын­дыру жолында таңдауын жа­саған барлық Қа­зақ­стан хал­қы­на шынайы ризашылығымды біл­ді­ріп, бас иіп, алғысымды айта­мын», - деді Елбасы.

Президенттік мандат мемлекеттің алдын­да тұрған міндеттерін анық­тау үшін беріледі - Елбасы

Ал түстен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының аяқталуына байланысты отандық және шетелдік баспасөз құралдарының өкілдеріне ар­нап баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында кіріспе сөз сөйлеген Президент сайлаудың ашық, әділ, демократиялық талаптарға сай өткенін, бұлар ту­ралы шетелдік және ха­лықаралық ұйымдардан кел­ген байқаушылар жоғары баға бергенін айтты. Сонымен бірге, Елбасы қазақстандық һәм шетелдік БАҚ өкілдеріне сайлау үдерісіне қы­зы­ғу­шылық танытқандары үшін алғысын білдіріп, журналистер таарпынан қойылған сұрақ­та­рға жауап берді. Алғашқы сауалды қойған ұлыбританиялық FBC телекомпаниясының журналисі Эккард Сейгардың алдағы бес жылда ұстананын бағыты туралы сұрағына Елбасы былай жауап берді: «Президенттік мандат адамға мемлекеттің алдын­да тұрған міндеттерін анық­тау үшін беріледі. Еліміздің дамуындағы эко­но­микалық міндеттерге келсек, біз 2020 жылға дейін орын­да­латын индустриялық-инновация­лық бағдарламаны іске асыруды қолға алдық. Өзімнің жыл сай­ынғы Жолдауымда мен биыл елді әлеуметтік жаң­ғырту мәселесін алға қойдым. Онда мен азамат­та­рымызды оқытып, маман­дық алу арқылы жұмыспен қамтуды, сон­дай-ақ тұрғынүймен қамтамасыз ету проб­лемаларын шешу қажеттігін Үкіметке тапсыр­дым. Бұл бағыттар халық­тың толық қол­дауына ие бол­ды».

Сонымен қатар Президент Н. Назарбаев саясат мәселесіне де оралып, Қазақстанның алдағы уа­қытта да ұстанған бағдары­нан айны­майтынын айтты. Мәселен, Қазақстан сыртқы саясатта болашақта РФ, ҚХР сияқ­ты елдермен тығыз ын­тымақ­тас­тықты жалғастыратын болады. Сол секілді Еуроодақ пен АҚШ Қазақстанның үлкен әріптестері болып қала береді. Аймақтағы басқа елдермен де ықпалдастық үдерістер шеңберіндегі ынтымақтастық жал­­ғасады. Сонан соң, Елбасы ішкі саясатқа да тоқтады. «Елді саяси жаңаландыру бағытын біз одан әрі жалғастырамыз. Заң­ның үстемдігін сот жүйесін тәуел­сіздендіре түсу арқылы нығайтамыз. Біздің мемлекетіміз алып территориялы, уни­тар­лы ел болса да біз билікті орталықсыздандыру бағытын одан әрі жүргізу бағытындамыз. Сонымен қатар келесі сайлаудан бастап біздің Парламентіміз Конституцияның талабына сәйкес көппартиялы болады. БАҚ бостандығы мен тәуелсіздігіне барлық басқа да дамыған елдердегі сияқты ешқандай шек қой­ыл­майды, бұл істе біз өзіміздің батыстық әріптестеріміз бен достарымыздың ұсыныстарын үнемі ескеріп, олармен кеңесіп отыратын боламыз. Сайлау үдерісі кезінде қалыптасқан «Қазақстан-2020» демократиялық коа­лициясы» ала­ңында біз оп­позициялық партиялар және қо­ғамдық қозғалыстармен елімізді экономикалық және саяси тұр­ғыдан одан әрі дамытудың проблемаларын тал­қы­лау жөніндегі диалогтарды жал­ғастыруға дай­ын­быз», - деді Елбасы.

Сайлау өтісімен, Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындылары жариялана бастаған кезден-ақ Президент Н. Назарбаевты шетелдік әріптестері құттықтай бастаған еді. Енді солардың біразына құлақ түрсек. Мәселен, құттықтаушылардың алғашқыларының бірі Ресей Президенті Дмитрий Медведев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесіп, елдегі кезектен тыс сайлаудың сәтті өткізілуімен және келіп түсіп жатқан ақпаратқа сүйене отырып, ондағы айқын жеңісімен Н. Назарбаевты құттықтады. Ал Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао жолдаған жеделхатында: «Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне қайта сайлануыңызға байланысты Сізге игі тілегім мен шын жүректен құттықтауымды жолдаймын. Сіз Мемлекет басшысы болған сәттен бастап, Жоғары Мәртебелім, елде қоғамдық тұрақтылық сақталуда және экономика жоғары қарқынмен өсті, халықтың әл-ауқаты үздіксіз жақсарды, Қазақстанның халықаралық жағдайы едәуір нығая түсті. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқы жаңа, мемлекеттің дамуы мен көтерілуі ісінде айтарлықтай табыстарға жететініне сенемін» делінген. Бұдан бөлек, Қытай басшысы Қазақстан мен Қытайдың өзара қарым-қатынасына тоқтала келе, саяси салада өзара құрмет және жоғары деңгейде өзара сенім, ал экономикада өзара тиімді әрі бірлескен дамудың негізінде ынтымақтастық орныққанын айтады. Әртүрлі салаларда үздіксіз тәжірибе алмасулар кеңейгенін, көпжақты байланыстар аясында тығыз өзара іс-қимыл мен үйлестіру қолдау тауып отырғанын баяндайды. «Мен Сізбен бірлесе отырып, Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарындағы стратегиялық серіктестікті біздің елдеріміз бен халықтарымыздың иігілігі үшін тағы да едәуір жоғары деңгейге көтеруге шаршамастан күш-жігерімді салуға дайынмын», - делінген.

Ал Француз Республикасының Президенті Николя Саркозидың Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың атына жолдаған құттықтау жеделхатында ең алдымен француз басшысы референдум жобасына қарсылық білдірген Конституциялық Кеңестің пікірін ескере отырып, Н. Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ның құндылықтарын ұстанатынын көрсеткеніне ризашылық білдіреді. «Мен Сіздің жаңа қызметте өз жұмысыңыздың басым бағытының бірі саяси реформаға жаңа қуатты серпіліс беру болып табылатынын білемін. Біздің мазасыз әлемде реформа біздің халықтарымыздың үміті мен көңілін қанағаттандыру үшін қажет екенін анық түсінеміз. Өз тарапымнан, мен Қазақстанның әлемдік аренада өсіп келе жатқан танымалдығын назарыма ала отырып, осы тақырыпқа және өзге де маңызды халықаралық тақырыптарға арналған диалогты жалғастыруға қуанышты болған болар едім. Сондай-ақ Сіздің еліңіз биылғы жылы Ислам Конференциясы Ұйымының Министрлер Кеңесіне төрағалық ететіні сөзіме мысал болса керек. Биылғы жылы Үлкен Жиырмалыққа төрағалық ете отырып, өз басым біз талқылауға тиісті маңызды мәселелер бойынша Қазақстанның үнін естігім келеді. Атап айтқанда, бұл қаржылық даму мәселесі және халықаралық валюта жүйесі, сондай-ақ шикізат нарығы. Франция сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестікті күшейту жөніндегі жаңа Келісімнің қорытындысын қолдауға дайын», - дейді құттықтауында Н. Саркози.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевты ҚР Президенті қызметіне қайта сайлануымен құттықтаған АҚШ Елшілігі Президентпен және Қазақстан халқымен одан әрі кең ауқымды стратегиялық әріптестікті жалғастыруға ниет білдіріпті. «Біз Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне қайта сайлануымен құттықтаймыз. Өзімен және Қазақстан халқымен біздің кең ауқымды стратегиялық әріптестігімізді жүзеге асыру бойынша жұмысымыздың жалғасуын тағатсыздана күтудеміз. Біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) алдын ала нәтижелерін қолдаймыз және ол атап көрсеткен жақсару үдерістерін бағалаймыз. Біз Қазақстан Үкіметін ЕҚЫҰ-ның есебінде айтылған кемшіліктерді кешіктірмей түзеуге шақырамыз. Біз Қазақстанның саяси жағдайды одан әрі ырықтандыру бойынша міндеттемелерін қолдаймыз және сайлау үдерісін үздіксіз жетілдіріп отыру оның маңызды компоненті болып табылатындығына сенеміз», - делінген Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің хабарламасында.

Ал бүгінгі мәжілісінде ҚР Орталық сайлау комиссиясы Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті етіп тіркеу туралы қаулы қабылдады. Қаулыда сонымен қатар жаңадан тіркелген Президентке тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыс ету қажеттігі де көрсетілген. Сонымен қатар Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі 2011 жылдың 8 сәуіріне белгіленді.

Сөйтіп, сәуірде еліміз бен елдігіміз үшін жасалған сыннан Қазақстан халқы сүрінбей өткен тәрізді. Сайлаушының 95,55 пайызы Н. Назарбаевқа сенім білдіріп, болашағының баяндылығын Елбасы қолға алған бағдарламалармен біріктіргісі келетінін танытты. Президенттікке кандидат болған төртеудің ішінен халық тыңнан түрен салуға тырысқандарды емес, мемлекет басқарудағы тәжірибесі мол, Тәуелсіздіктің таңы атысымен Қазақстанды өркениет көшіне бастап келе жатқан Н. Назарбаевты таңдады. Ендеше тұрмысымыз одан сайын түзеліп, саясаттағы алған бағдарымызды бағындыруға жазсын!