Бүгін комиссия отырысында ол Құрылтай депутаттарын сайлау тағайындалған сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясына 203 өтініш келіп түскен, оның ішінде 129 өтініш - сайлау заңнамасын түсіндіруге, 62 өтініш сайлау процесін ұйымдастыру мәселелеріне байланысты болғанын айтты. Комиссия мүшесінің атап өтуінше, әрбір өтініш уақытылы қаралып, жан-жақты жауап берілді. ОСК-ға аумақтық сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағымдар түспеді.
- Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралып, азаматтарға заңнама талаптарын ескере отырып, нақты түсіндірмелер беріледі. Бұл ретте сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін түсіну маңызды. Біздің ортақ міндетіміз - сайлау науқанының барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау, – деді Әсел Жанәбілова.
Осы ретте ОСК мүшесі сайлау комиссияларының жұмысына араласқаны, дауыс беру құпиясын бұзғаны, азаматтардың еркін ерік білдіруіне кедергі келтіргені, сондай-ақ басқа адамдар үшін дауыс беру мақсатында азаматтарға сайлау бюллетеньдерін бергені үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды. Сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелерінің, саяси партиялардың сенім білдірілген өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен байқаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін де жауапкершілік қарастырылған.
Бұған дейін 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауына сайлау учаскелері дайын екенін жазған едік.