ШҚО-да пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлау басталды. Жексенбі күні таңғы сағат 7.00-де Глубокое ауданы мен Алтай ауданының сайлау учаскелері өз жұмысын бастады.
Глубокое ауданында барлығы 39,5 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Халық сайлау учаскелеріне келіп өз таңдауын жасап жатыр.
«Біздің аудан осы сайлауға қатысатын 45 пилоттық өңірдің қатарында екенін білген бойда дайындықты бастадық. Бұл өте маңызды жоба, өйткені ол қоғамды демократияландыру жолындағы прогрессивті өзгерістерді және «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көрсетеді. Бүгінде 44 сайлау учаскеміздің барлығы дер кезінде ашылды, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Біздің азаматтар бұл күнді асыға күтті, дауыс беруге белсенді қатысады деп сенемін!» - дейді Глубокое ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ксанна Сарычева.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау енгізілетінін мәлімдеген болатын.
Шет мемлекеттердің тәжірибесінен белгілі болғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы өз сайлаушылары алдында үлкен жауапкершілікті сезінеді, бұл оның жұмысына да оң әсерін тигізеді.