Сайлау тақырыбында 23 мыңнан астам материал жарияланды - Л.Сүлеймен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау тақырыбында 23 мыңнан астам материал жарияланды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлім етті.

«2015 жылғы 26 наурыздан 24 сәуірге дейінгі кезеңде республикалық және өңірлік БАҚ-тарда сайлау тақырыбы жөнінде 23 105 материал жарияланды. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сайлауалды қызметі 13 379 материалда жария етілді. Олардың 4946-сы - республикалық, тағы 8433-і - өңірлік БАҚ-тарда жарияланды. Бұл ретте 4876 материал - Ә. Құсайыновтың, 5377 - Н. Назарбаевтың және 4905 Т. Сыздықовтың қызметіне арналды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, барлық кандидаттар теледидардан он бес минуттық, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында екi мақала жариялауына мемлекет берген кепілдіктерді пайдаланды.

«Жалпы, кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Ал сайлаушылар Қазақстан Республикасының Президенттігіне тіркелген барлық кандидаттар туралы толық, сенімді және шынайы ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды», - деді Л.Сүлеймен.