Сайлау тиімді ұйымдастырылды - ЕҚЫҰ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы байқаушыларының айтуынша, Қазақстандағы Мәжіліс пен түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауы тиімді ұйымдастырылған әрі елеулі заң бұзушылықтар болған жоқ. Бұл туралы ЕҚЫҰ-ның сайлауларды байқау жөніндегі қысқа мерзімді миссиясының арнайы үлестірушісі және жетекшісі Мариетта Тидеи мәлім етті.

«Қазақстан сайлау жөніндегі өз міндеттемелерін орындау үшін әлі де үлкен жолды еңсеруі қажет. Алайда алға жылжу бар. Бірақ осы сайлау барысында басқа партияларға қарағанда билік басындағы партия басым мүмкіндіктерге ие болды. Партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын еркін жүргізе алуына мүмкіндік алғанымен, шынайы саяси таңдау жасау әлі де жетіспейді. Тұрғындардың құқығын қорғау саласында күрделі реформа жасау қажет және біз жаңа Парламенттің реформалауға қатысу үшін ерік-жігері болады деп үміттенеміз, біз осы реформаларды қолдауға әзірміз», - деп атап өтті Мариетта Тидеи.

Оның айтуынша, Қазақстан демократиялық құқықтар мен жиын өткізу және пікір еркіндігін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді өз мойнына жүктеді, алайда шектеулер әлі де болса бар. «Қазіргі уақытқа дейін сайлау бойынша заңнама қажетті деңгейде дамымаған. ОСК кәсіби тұрғыда жақсы жұмыс істеді. Әрине «Сайлау туралы» заң саяси партиялардың сайлау комиссияларына қатысуын қамтамасыз етуі қажет, бірақ оны тиісті дәрежеде жүзеге асыру тетігі болмады. Атап өтерлігі, бір партияның төменгі деңгейлердегі комиссияларда өкілдігі аз болды. Дегенмен, барлық кандидаттардың тіркеуге алынғанын оң қадам ретінде атап өтуге болады. ОСК партиялар ұсынған барлық кандидаттарды тіркеді», - деді ЕҚЫҰ-ның сайлауларды байқау жөніндегі қысқа мерзімді миссиясының жетекшісі.

Оның атап өтуінше, ЕҚЫҰ байқаушылары сайлау барысында еш кедергісіз, ашық түрде жұмыс жасауға мүмкіндік алды.

«Тұтастай алғанда, біздің қорытындымыз - кешегі сайлау тиімді ұйымдастырылған. Ілгерілеушілік бар. Бірақ Қазақстан ЕҚЫҰ аясындағы міндеттемелерін орындау үшін әлі де көп жұмыс жасау керек», - деп қорытындылады халықаралық байқаушы.