- Аумақтық сайлау комиссияларының бүгін ұсынған есептерін қорытындылай келе, сайлауға дайындық бойынша негізгі ұйымдастырушылық және практикалық жұмыстарының орындалғанын атап өткім келеді. Жалпы, аумақтық сайлау комиссияларының ақпаратына сәйкес республика бойынша барлық сайлау учаскелері дауыс беру күніне дайын. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар да қамтамасыз етілді, - деді ол комиссия отырысында.
Осы ретте Нұрлан Әбдіров жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін, әкім аппараттарының басшыларын сайлау учаскелерінің ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етілуіне байланысты қалған мәселелерді толық аяқтап, олардың тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге шақырды.
- Аумақтық сайлау комиссияларының басшылары, дайындықтың негізгі кезеңі аяқталғанмен, қалған мәселелер мен бұрын берілген тапсырмалардың орындалуын бақылаудан шығармаңыздар. Заңнамада сіздерге берілген өкілеттіктер аясында осы жұмысты тиісті деңгейде үйлестіріп, дауыс беру рәсімінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуді сұраймын. Ендігі басты міндет — атқарылған ауқымды жұмысты заң талаптарына сәйкес ашық әрі ұйымдасқан түрде өткізілетін дауыс беру процесімен қамтамасыз ету, - деді ОСК төрағасы.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарын сайлау барысын 777 халықаралық байқаушы қадағалайды. Оның ішінде 160 байқаушы 42 шет мемлекеттен, ал 617 байқаушы 13 халықаралық ұйымнан тіркелген.