Бұл туралы бүгін өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
«Сайлау жарияланған күннен бастап прокурорлар 76 қадағалау актісін енгізді. Оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау заңнамасын түсіндіруге қатысты 1 үндеу жасалды. Заң бұзушылықты жою туралы 2 ұсыныс енгізіліп, заңды бұзуға жол бермеу туралы 28 алдын ала ескерту жасалды, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы 45 іс қозғалды»,-деді ресми өкіл.
«Алайда, заңнаманың кейбір талаптарының бұзылуы жекелеген жағдайларда орын алған және олар дауыс беру қорытындыларына әсерін тигізген жоқ. Азаматтардың сайлау құқықтарын өрескел бұзу фактілері анықталған жоқ», - деді ол.
Н.Сүйіндіков жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдарын қарау нәтижелеріне тоқтала келе: «Сайлау кезеңінде дауыс беру күнін қоса алғанда прокуратура органдарына 536 арыз-шағым түсті. Олардың 64-і Парламент Мәжілісіне, ал 472-сі мәслихаттардың сайлауына қатысты болды. Заңбұзушылықтар туралы ақпараттардың негізгі бөлігі тиісті тексерулер барысында өз дәлелдерін тапқан жоқ»,-деп атап өтті.