«Сайлау жоғары деңгейде өтеді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 12 наурыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары қасиетті Түркістан қаласында жалғасты. Мұнда Президент Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінде болып, осында жай тапқан ұлтымыздың ұлы тұлғаларына зиярат етті. Осыдан кейін қаладағы мәдени-тарихи этнография­лық орталықта болып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысының оңтүстік өңірдегі сапары жайында толық ақпаратты «Әңгіме арқауы - бірлік» деген мақаладан аласыздар.

«Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының Президенті Мавлют Чавушоғлумен телефон арқылы сөйлесті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Сайлау жоғары деңгейде өтеді» деген шағын мақаласында. Басылымның атап өтуінше, әңгімелесуші тараптар Қа­зақстан мен Еуропа Ке­ңе­сінің Парламенттік Ассам­блея­сы арасын­дағы ынты­мақ­тастық мәселелерін және оның нығаюы мен кеңеюін талқыға салды.

«Айқын» газетінің жазуынша, еліміздегі кезектен тыс президент сайлауын байқаушылар саны 95 адамға жетті. Алдағы сайлауды байқауға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы ықылас танытып отыр. Өйткені әл әзірге тіркелген байқаушылардың жартысына жуығы, яғни 44-і аталмыш ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясынан. Кеше Орталық сайлау комиссиясы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымының миссиясынан 15 байқаушыны және шет мемлекеттерден 6 байқаушыны тіркеді. Ағымдағы жылдың басты саяси оқиғасына қатысты толық ақпаратты «Байқаушылар тіркелуде» деген мақаладан білесіздер.

Осы басылымның тұрақты «Ақ сөйле!» айдарында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі Сұлтан Оразалымен арадағы сұхбат «Қазақстан» арнасының ұлттық арна болатыны қуантады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Телевизия деген - космополиттік өнер. Мысал үшін, бүгінде орыстар да көптеген жаңа бағдарламаларды өздері тауып жатқан жоқ. Олар Еуропаның, АҚШ-тың бағдарламаларын көшіріп беріп отыр. Тіпті «КВН» хабарының өзі орыстікі емес. Масляковтар мұның бәрін шетелден көріп, Ресейге алып келген. Бұл бағдарлама орыстық бетін кейін алды», - дейді.

Елімізде соңғы жылдары экономикалық өсімге аса мән беріліп, өндіріс ошақтарын заманауи үлгідегі жабдықтармен жарақтандыру ісі қолға алынып жатыр. Алайда бұға кәсіпорындардың басым бөлігі, төрттен үші қауқарсыз. Ақылы барының ақшасы жоқ немесе керісінше. Кеңестік жүйеден қалған ескі техниканы серік еткендер біртіндеп бизнес марафонынан шығып қалып жатыр. Бұл мәселе кеше Астанада еліміздегі өндіріс саласын жаңғыртуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция асында тағы бір мәрте қозғалды. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің сенбілік санындағы «Қола дәуірінде» қалып қойған кәсіпорындарға қолдау керек» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында әнші Майра Ілиясовамен арадағы сұхбат «Ақша талантты тудыра алмайды, керісінше, шын талант ақшаны құл ете алады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Мен бір нәрсені түсінбеймін: халықаралық сайыстар, олимпиадаларда жүлде алып келген спортшыға Алматы не Астанадан пәтер береді де, дәл сондай дүниежүзілік дәрежедегі ән байқауынан бас жүлде алған бірде-бір әншіге үй бермек түгіл, елемейтін де кездер аз емес. Әлі күнге талай байқаудың жүлдегерлері, мықты әншілер пәтер жалдап тұрады», - дейді.

«Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаев Жапония Премьер-министрі Наото Канға кө­ңіл айту жеделхатын жолдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, онда Елбасы Жапониядағы жер сілкінісі кезінде орын алған сұ­рапыл апаттың құрбандарына бай­ланысты қайғыға ортақтас­ты­ғын білдіріп көңіл айтқан.