Сайлау жүйесі жаңарды: негізгі өзгерістер қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстанның сайлау жүйесінде бірқатар маңызды өзгеріс пайда болды. Олар Құрылтай депутаттарының сайлауында алғаш рет қолданылады. ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің VI отырысында кеңес мүшелері жаңа нормалардың мазмұны мен олардың іс жүзіндегі маңызын талқылады.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қазіргі сайлау науқаны жаңартылған Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы негізінде өтіп жатқанын алға тартты.

— 1 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны басталды. Сол күні Орталық сайлау комиссиясы алғашқы отырысын өткізіп, негізгі электоралдық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті. ОСК үшін басты міндет — ұйымдастырушылық іс-шаралардың ауқымды кешенін тиімді әрі уақтылы іске асыру, өйткені олардың орындалуы жалпы сайлау үдерісінің сапасына тікелей әсер етеді, — деді Нұрлан Әбдіров.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Сайлау жүйесінің қоғамдағы рөлі күшейді

Кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасулов конституциялық реформаның сайлау құқығын дамытудың жаңа бағытын айқындағанын айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституцияның ережелері жаңартылған сайлау заңнамасында және оларды іске асыратын өзге де құқықтық актілерде дәйекті түрде көрініс тауып отыр.

— Конституциялық реформа жария биліктің үш негізгі деңгейін — Президенттік институтты, жоғары заң шығарушы органды, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін қамтыды. Бұл үлгіде сайлау жүйесі жария биліктің заңдылығын қамтамасыз ететін институт ретінде ерекше маңызға ие болады, — деді Ермек Әбдірасулов.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ол жүргізілген өзгерістердің нәтижесінде сайлау жүйесінің қоғамдағы рөлі де күшейгенін еске салды.

— Жүргізілген реформа мемлекеттің электоралдық егемендігін қорғайды. Ең бастысы — Әділетті Қазақстанда әрбір әлеуметтік топтың дауысы ескеріліп қана қоймай, жоғары мемлекеттік деңгейде институционалдық тұрғыдан естілуіне кепілдік береді, — деді ол.

Партиялардың жауапкершілігі қалай өзгереді

Заң ғылымдарының докторы Индира Әубәкірова бүгінгі өзгерістер Парламенттің құрылымымен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстан өкілді демократияның жаңа моделін қалыптастыру кезеңіне қадам басты.

— Менің ойымша, біз өкілді демократияның жаңа моделінің қалыптасуына куә болып отырмыз. Парламенттің құрылымы ғана емес, оның шын мәнінде ықпалды болуын қамтамасыз ететін түсініктің өзі өзгерді. Конституционализм тарихы Парламенттің шынайы ықпалы конституциялық негіздермен қатар, қоғамның оған деген сеніміне де тікелей байланысты екенін дәлелдейді, — деді ол.

Фото: Конституциялық сот

Индира Әубәкірованың айтуынша, жаңа заңнамалық өзгерістер саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың жауапкершілігін де арттырады.

— Бұған дейін сайлау процесінде негізгі назар жеке кандидатқа аударылып келсе, енді саяси партияның орны айқындала түсті. Сайлаушы тек адамға ғана дауыс бермейді. Ол өзінің өмірін жақсартуға бағытталған идеяларға, құндылықтарға және сол идеяларды жүзеге асыратын командаға таңдау жасайды. Осылайша, азамат белгілі бір партияның елді басқаруға қаншалықты дайын екеніне баға береді. Шын мәнінде, ол таңдауын жеке кандидатпен ғана емес, саяси партиямен байланыстырады, — деді Индира Әубәкірова.

Сарапшының пікірінше, осы өзгерістерден кейін әр кандидатқа қойылатын талап та өзгереді.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Әр кандидат енді жеке саяси тұлға ғана емес, партияның бет-бейнесі. Сондықтан бір депутаттың жіберген қатесі бүкіл партияның қатесі ретінде қабылданады. Саяси жауапкершілік жеке адаммен ғана шектелмейді. Ол бүкіл партияға жүктеледі. Партия өз парламенттік командасы үшін тек сайлау өткен күні емес, бүкіл өкілеттік мерзімі бойы жауап береді, — деді ол.

Депутаттың орны босаса, мандат сол партияда қала ма

Индира Әубәкірованың айтуынша, жаңа нормалардың бірі депутаттық мандаттарды толықтыру тәртібіне қатысты. Мұндай жағдайда қайта сайлау өткізілмейді. Депутаттың орнына партиялық тізімдегі келесі кандидат келеді.

— Азаматтар белгілі бір саяси күшке дауыс береді. Сондықтан депутаттың орны босаса, мандат та сол партияда қалады. Осылайша сайлаушылардың таңдауы сақталады, — деді Индира Әубәкірова.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Кеңес мүшесінің сөзінше, осыған байланысты партиялық тізімнің рөлі де өзгереді.

— Партиялық тізім енді тек сайлау күні ғана қажет болатын құжат емес. Егер депутат қандай да бір себеппен мандатынан айырылса, оның орнына партиялық тізімдегі келесі кандидат келеді. Партия өз парламенттік командасы үшін тек сайлау күні ғана емес, бүкіл өкілеттік мерзімі бойы жауап береді, — деді ол.

Сайлаушылар тізімінде не өзгереді

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова өз баяндамасында дауыс беру орындарын айқындаудың жаңа тәсілдері мен азаматтарды сайлаушылар тізімімен таныстыру тәртібіне қатысты енгізілген өзгерістерге  тоқталды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның айтуынша, заңнамадағы жаңа нормалар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру кепілдіктерін кеңейтуге бағытталған. Бұл өзгерістер сайлаушылардың дауыс беру процесіне қатысуын жеңілдетуге және олардың сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруына жағдай жасауға арналған.

Вахтадағы жұмысшылар қалай дауыс береді

Сараптамалық кеңесте азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру кепілдіктерін кеңейту мәселесі де талқыланды. 

Әсел Жанәбілованың айтуынша, заңнамадағы ең маңызды жаңашылдықтардың бірі — вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге, сондай-ақ үздіксіз жұмыс істейтін өндірістері бар ұйымдардың жұмыскерлеріне арналған сайлау учаскелерін құру мүмкіндігінің енгізілуі.

Фото: Еңбек министрлігі

— Дауыс беру күні мыңдаған азамат кен орындарында, өндірістік кәсіпорындарда және басқа да шалғай орналасқан нысандарда еңбек етеді. Мұндай жағдайларда өндірістік процеске зиян келтірмей жұмыс орнын тастап кету мүмкін емес. Соның салдарынан олардың сайлауға қатысуға қатысты конституциялық құқығын іске асыру объективті түрде қиынға соғатын, — деді Әсел Жанәбілова.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Оның айтуынша, жаңа норма мұндай азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

— Осылайша, сайлауға қатысудағы ұйымдастырушылық кедергілер жойылып, еңбек жағдайына қарамастан, әрбір азаматтың сайлау құқықтарын тең дәрежеде жүзеге асыруына жағдай жасалады, — деді ол.

Сайлау қаржысы қалай бақыланады

Сараптамалық кеңесте мемлекеттік емес көздерден сайлауды қаржыландыру мәселесі де сөз болды. Бұл тақырып бойынша кеңес мүшесі Снежанна Имашева тоқталып өтті. Спикердің айтуынша, жаңа нормалар ең алдымен сайлау науқандарын жасырын қаржыландырудың алдын алуға бағытталған.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Саяси партиялар мен кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын тек заңда көзделген қаржыландыру тетіктері арқылы жүргізуі тиіс. Сайлау қорынан тыс қаражатты пайдалануға жол берілмейді. Бұл сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды өзгерістердің бірі, — деді Сараптамалық кеңес мүшесі.

Бұған дейін саяси науқанда партиялар қай бағытта жұмыс істетіні жөнінде жазғанбыз.

Сондай-ақ, ОСК сайлау алдында сауалнама жүргізетін 5 ұйымды атады.