Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Президенттікке кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тек жандана түсетін болады. Себебі сайлауалды үгіт науқаны енді ғана басталды. «Соған қарамастан біз бүгіннің өзінде-ақ Президенттікке кандидат ретінде тіркелген кандидаттардың саяси додаға ерекше белсенділікпен түскендігін байқап отырмыз. Кандидаттар өздеріне берілген ұйымдастырушылық және қаржылық мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға тырысып бағуда. Осындай қызу қарбалас кезеңде Орталық сайлау комиссиясының басты мақсаты - барлық кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің материалдарын жариялау үшін теңдей мүмкіндік беретін сайлау заңнамаларының талапқа сай орындалуын қадағалау болып табылады», - деді ОСК төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, ОСК аталған жұмыстармен қатар сайлауды ұйымдастырушылар мен сайлау үдерісіне қатысушылардың барлығын оқыту жұмыстарын да белсенді жалғастыруда. «Ақпан айында біз елордада Астана мен Алматы қалаларының және облыстық сайлау комиссияларының төрағалары үшін арнайы семинар-кеңес өткіздік. Бұл жұмыстар қазір еліміздің аймақтарында жүргізілуде. Арнайы белгіленген кестеге сәйкес, наурыздың 9-19 аралығында семинар-кеңестер еліміздің барлық облыстарында өтеді. Оған қатысу үшін мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен кандаттардың сенімді өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылады. Жиынға Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен оның Орталық аппаратының өкілдері де қатысады», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Сондай-ақ ол сөзінде ОСК мен аймақтық сайлау комиссиялары жақын күндердегі мәжілістерін дауыс беру күніне дайындық мәселесіне арнайтындығын атап көрсетті. Бұл отырыстарға жергілікті атқарушы органдар мен түрлі деңгейдегі сайлау комиссияларының өкілдері шақырылатын болады. «Ал дауыс беру күніне Астана қаласының қалай дайындалып жатқандығын наурыздың 18-і күні талқылаймыз», - деді ОСК төрағасы.