Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хабарлауынша, өңірге ТМД Миссиясы бойынша РФ-ның Астрахан облысынан бес бақылаушы, сондай-ақ Еуропадан екі дипломат келді. Олардың барлығы халықаралық аккредитациядан өтіп, ПТР тест тапсырды. Шетелдік қонақтардың айтуынша, аймақтағы дауыс беру процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған.
« Мен, ең алдымен, бүгінгі сайлаудың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Бірінші кезекте, ол әрине азаматтардың қауіпсіздігіне бағытталған. Барлық учаске санитарлық құралдармен жабдықталған: қорғаныс экраны, санитарлық кілемше, қол санитайзері, медициналық маска. Сондықтан, Атырау облысы тұрғындарының қауіпсіздігі мен денсаулығына алаңдамау керек деп сенемін», - деді ТМД Миссиясы бойынша Ресейден келген халықаралық бақылаушы Владимир Золотокопов.Айта кетейік, күні бойы халықаралық байқаушылар Атырау қаласындағы, сондай-ақ аудан мен ауылдардың сайлау учаскелерін аралап шықты. Дипломаттар дауыс беру бекеттеріндегі санитарлық қауіпсіздік шараларын бағалап, сайлау процесін бақылап отырды. Сонымен қатар, еліміздегі әріптестерімен де тәжірибе алмасты.