Сайлауда қатаң бейтараптық танытамыз - Төлеген Күнәділов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпара - Партиялық емес байқау орталығы әкім сайлауының алдындағы дайындықтарын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

25 шілдеде өтетін әкім сайлауына «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері бейтарап байқаушы ретінде қатыспақшы. Ұйымның төрағасы Төлеген Күнәділов БАҚ өкілдеріне сайлауға дайындық қалай жүргені туралы мәлімет берді.

«Осы сайлауға бақылаушы ұйым ретінде қатысқандағы басты міндетіміз –азаматтардың ерік бостандығының бұзылуына жол бермеу. Қазіргі кезде орталық пен өңірдегі филиалдары бақылаушылар пулын жасақтап болды. Оқыту жұмыстары аяқталды. 30-дан астам онлайн семинар өткіздік. Қоғамдық байқауды барынша тиімді пайдалану үшін оқыту науқанын ең үздік халықаралық стандарттар шеңберінде ұйымдастырдық. Сайлау науқанының күрделі екенін біз түсінеміз. Байқау кезінде сайлау заңнамасының бүкіл ерекшеліктерін жетік білетін және өзін байқаушы ретінде құқықтары мен міндеттерін толықтай және нақты түсінетін адамдарға сүйенеміз. Бұл сайлауға әділ және обьективті баға беруге мүмкіндік береді», - деді «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Орталық өз байқаушыларын осы науқанға арнап дайындалған ерекше блокнотпен жабдықтап отыр.

«Сайлау үрдісінің барлық ерекшеліктерін ескеретін байқаушының блокнотын әзірлеп, байқаушылардың бәріне тапсырды. Сайлау күні заңбұзушылық анықталса, сол блокнотқа тіркеп отырады. Байқаушылардың бәріне сайлау учаскелеріне кіруге қажет құжаттар берілді. Дайындық 100 пайыз деп айтуға болады. Біздің басқа байқаушылардан ерекшелігіміз – қатаң бейтараптық танытамыз. Ешқандай партия өкілдеріне болсын, мемлекет билігіне болсын, қандай да бір сайлау учаскесінің комиссия мүшелеріне болсын, бәріне қатаң түрде бейтарап ұстанымда боламыз. Заңнамалық тұрғыда сайлау үдерісін кедергі жасамай, байқау жүргіземіз», - дейді Төлеген Күнәділов.

Оның айтуынша партиялық емес бауқашылардың жұмысына 95 үкіметтік емес ұйым серіктес ретінде атсалысады.

«Сайлау өтетін учаскелердің бәрінде біздің байқаушылар болады. Заңнама бойынша әр учаскеде белгілі бір ұйымнан бір байқаушы болуы керек. Біз дайындаған бокноттың ерекшелігі – онда сайлау үрдісіне қатысты заңнамалық нормалардың сілтемелері толық енгізілген. Сайлау кезінде заң бұзылса, блокноттан заңның сілтемесін қарап, блокнотта берілген актіні толтыру арқылы тіркеп отырады. Бұл байқаушының сайлау кезінде заңдарды ақтарып, әуреленбеуі үшін жасалып отыр. Сайлау заңнамасы бойынша әрбір байқаушы өзінің ескертулерін нақтылы фактілермен дәлелдеу арқылы жүзеге асыра алады. Блокнот байқаушының осы тұрғыда өз жұмысын толыққанды іске асыруына көмектеседі. Бұл бокноттың электронды нұсқасы да бар. Бірақ сайлау кезінде байқаушылар қағаз нұсқасын пайдаланады», - деді орталық басшысы.

Ұйым өкілдері сайлау өткеннен кейін оның қорытындысын арнайы баяндама немесе есеп түрінде рәсімдейтіндерін де айтты.

«Сайлау өткеннен кейін дүйсенбі күні қорытындылап, егер заңбұзушылықтар тіркелсе, солардың сапасына, маңыздылығына қарап құзырлы органдарға жібереміз. Керек болса, халықаалық ұйымдарға жіберуге де дайынбыз», - деді Төлеген Күнәділов.


Соңғы жаңалықтар